Бүгінгі шараға өңір тұрғындарын жылу және жарықпен қамтамасыз ету жолында еңбектенетін азаматтар жиналып отыр. Олар – қыстың қақаған аязына төтеп беру үшін тер төккендер. Еңбекқор энергетиктердің игі ісі елеусіз қалмады. Мереке қарсаңында «Севказэнерго» АҚ қызметкерлерін өңір басшысының атынан құттықтау үшін облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов келді.
Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:
-Сіздердің жұмыстарыңыз ауыр, үлкен жауапкершілікті арқалап келесіздер. №2 жылу- электр орталығының құрылғылары заманға сай жаңғыртылуда. Сізді мерекелеріңізбен құттықтап, мықты денсаулық, жемісті жұмыс тілегім келеді.
Кейін қалыптасқан дәстүр бойынша 20-дан астам азамат қошеметке бөленіп, түрлі марапатқа ие болды. 4 қызметкерге облыс әкімінің құрмет грамотасы бұйырды. Солардың қатарында, бұл салаға 30 жыл өмірін арнаған Юрий Шелаков та бар.
Юрий Шелаков, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ цех ауысымының бастығы:
– Әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтағым келеді. Айтулы күн қарсаңында еңбегімді жоғары бағалағандары қуантады. Алдағы уақытта да халық игілігі үшін аянбай жұмыс істеймін.
Ал, “ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі” атағына 2 жерлесіміз лайық деп танылды.
Айдана Демесінова