Аптадағы маңызды жаңалықтар

Медициналық терминал таныстырылды

 

 

 

Медициналық терминалдар СҚО республикада бірінші болып орнатылмақшы. Бірегей құрылғы «Astana Plat» серіктесітігінде шығарылады. Өңір жетекшісі Серік Біләлов теріскейде тұңғыш ендірілетін пилоттық жобаның өміршеңдігіне тоқталды. Аймақ басшысы кәсіпорынның соңғы 5 жылда қолға алған тың бастамаларының сәтті жүзеге асқанын мысалға келтірді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Кәсіпорын теміржол нысандары мен коммуналдық қызмет жобаларын іске асырып жатыр. Бұл осы саладағы сұрақтардың жедел шешімін табуға септесуде. Мәселен мен поезд билетін сатып алу үшін вокзалға не арнайы агенттікке барып жүгінбеймін. Жолға уақыт жұмсамай, бар болғаны маңайдағы терминалдан алуға болады. Коммуналдық қызметтер терминалдары да осы тектес жұмыс атқарады.  

Терминалдарды жинайтын зауыт СҚ өңірінде орналасқан. Құрылғының бір данасын құрастыруға 400 мың теңгеге жуық қаражат керек. «Astana Plat» серіктестігінің бас директорының айтуынша, озық үлгідегі заманауи техника медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Владимир Руппель, «Astana Plat» ЖШС бас директоры:
Жаңашылдық алғашқы медициналық сараптамадан өтіп, қандай да бір ауруға шалдығудың қаупін анықтауға көмектеседі. Қажет дәріні өңірдегі дәріханалардың қайсысынан алуға болатынын анықтауға жәрдемдеседі. Аппарат арқылы дәрігердің қаралуына жазылуға болады. Терминалда ақылы медициналық қызметтердің құны көрсетіледі.

Владимир Руппель жиналғандарды медициналық терминалдың мүмкіндіктерімен таныстырды. Серік Біләлов пилоттық жобаны өлкеміздің бірден бірнеше емдеу мекемесінде жүзеге асыруға ниеттілігін танытты. Облыстық балалар ауруханасы, бірінші емхана, перинаталдық орталық, әйелдер консультациясы мен аудандардағы орталық ауруханаларда тың технология қойылатын болады. Маңызды әңгімеге қатысушылар бұл жөнінде өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын білдірді.

Бейбіт Мұстафина, СҚО кардиологиялық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары:
– Тегін медициналық қызметке енбейтін қызметтер мен жеңілдетілген емдеу түрлері бір түбіртікке жазылмайды. Сондықтан дәрігерге жазылғанда ақылы қызметтің құны көрсетілуі тиіс.

Мәриям Бапанова, СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:
– Ақпараттық тізімге ісік кеселдері жіктеліп еңгізілуі керек деп ойлаймын. Ол өкпе обыры, көк жөтел немесе басқада қатерлі ісік кеселі болуы мүмкін. Бұл емханалардағы скринингтік тексерулерді жетілдіруге жақсы көмек болады.  

Өңіріміздің бірінші жетекшісін жобаны іске асыру мерзімі қызықтырды. Кәсіпорынның бас директоры игі бастамаға аз уақыт жұмсалмайтынын жеткізді.

Владимир Руппель, «Astana Plat» ЖШС бас директоры:
– Бізге өзін жақсы қырынан танытқан жүйеден ақпарат жинау керек. Сараптамалық топ пен сіздердің өкілдеріңіз кездесіп, барлық жайттарды анықтап алуы керек. Содан кейін ғана нақты жүзеге асыру жоспары бекітіледі. Терминалдарды әзірлеу еш қиындық тудырмайды. Бастысы қажетті ақпаратты кешіктірмей жинап алу керек.

Компания өкілдерімен өтетін келесі кездесу 2013 жылдың қаңтар айына жоспарланған.

Жеңіс Ермұқанов