Балалар

«Қазақстандағы тарихи мұра және әлеуметтік жаңғырту жастар көзімен»

 

 

 

Тарих әрқашан ел жадында болу керек. Себебі өткенге қарап, жас ұрпақтың көңіліне түйері көп. Бүгінгі жиынға қатысушылар Қазақстандағы тарихи мұра және әлеуметтік жаңғырту мәселесіне жастар көзімен қарауға тырысты. Бұл ретте мемлекетті құраушы негізгі фактор – халықтың құқықтары мен бостандықтарына баса назар аудару керектігі атап өтілді.

Марат Мәліков, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
Конституцияның бірінші бабында жазылған: адам, адамның өмірі мен құқықтары ең құнды қазына деп. Яғни қазынаны көбейту үшін біз білімі жоғары, кәсіби біліктілігі жоғары, интеллектуалдық-инновациялық ойларға толы адамдарды тәрбиелеуіміз керек. Бұл туралы Президентіміз жыл сайынғы Жолдауында да, жүргізіліп жатқан бағдарламасында да ылғи айтып отырады.

Көптеген ұлт өкілдерінің бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруі – Қазақстан тәуелсіздігінің бір жемісі. Еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің туған тілі мен дәстүрін сақтауға ешқандай тосқауыл қойылмаған. Дегенмен мемлекеттік тілге деген құрмет ешқашан назардан тыс қалмау керек дейді конференцияға қатысушылар.

Гүлбақша Мұсабаева, М.Қозыбаев атындағы тарих және заң кафедрасының доценті:
Ең басты құндылық – ол біздің қазақстандық халық. Әр халық өзінің тілін, дәстүрін сақтауға тырысып жатыр. Барлық халықтарды біріктіретін нәрсе – ол мемлекеттік тілді білу. Ол да біздің тарихи құндылық деп санаймыз. Тіл арқылы біз әлеуметтікэкономикалық көп мәселелерді шешуіміз керек. Сондықтан бұл өзекті мәселе.

Сонымен қатар, жиын барысында «Kazfond» жастар қоғамдық қоры өткізген сурет және шығармалар конкурсының нәтижесі шығарылды.

 Махаббат Исимбаева, «KazFond» жастар қоғамдық қорының жетекшісі:
– Суреттер конкурсына шамамен 150, ал 50-ге жуық адам шығарма сайысына қатысты. Бізге келіп түскен шығармаларға қарап, жастар арасында тарихи құндылықтарды сақтап, бағалауға деген түсініктің өте жоғары екеніне көз жеткіздік.  

Жиынды ұйымдастырушылар осындай кездесулер жастар тәрбиесі үшін маңызды деп отыр.

Әспет Әбдірешова