Тәуелсіздіктің 21 жылы ішінде еліміз әлемге танылып үлгерді. Мұны түрлі додалардағы жеңісіміз бен халықаралық шаралардың Қазақстанда өткізілуі дәлелдеп отыр. Солтүстік өңірдің де мақтануға тұрарлық жетістіктері молынан.
Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Еліміздің өркендеуі жолында облыс тұрғындары да өздерінің лайықты үлестерін қосты. Өңірімізде жаңа индустриялық-инновациялық жобалар іске асырылып, әлеуметтік-аграрлық сала тұрақты дамуда. Елбасының міндеттемелерін орындайтын боламыз.
Тәуелсіздікті тұғырлы етуге әр тұрғынның атсалысқаны анық. Ал өзінің адал еңбегімен ерекшеленгендер үшін көрсетілетін құрмет те айрықша. Салтанатты жиында түрлі салаларды дамытып, Қазақстан халқы арасындағы достықты нығайту ісіне елеулі үлесін қосқан бір топ солтүстікқазақстандық «Құрмет» орденінің иегері атанды.
Серік Малаев,«Ақселеу» ЖШС директоры:
– «Құрмет» орденін алғаныма өте қуаныштымын. 21 жыл ішінде Қазақстан алдыңғы қатарлы елдерге қосылды. Осыған өз үлесімізді қосқаныма қуаныштымын.
Сондай-ақ жиында бірқатар кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері мен белсенді азаматтар «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Асқар Сақыпкереев, СҚО халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы:
– Бұл мен атқарған жұмыс пен басқарып отырған ұжымға берілген баға деп ойлаймын. Алда да аянбай еңбек етіп, тапсырмаларды орындаймыз. Мерекеміз құтты болсын.
«Шапағат» медалі, облыс әкімінің құрмет грамоталары, алғыс хаттарының иелері де белгілі болды.
Қадырма Тоқмұрзин, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры:
– Түсіне білетін адамға бұдан үлкен қуаныш, бұдан артық мереке жоқ. Тәуелсіздікті алу бар, оны одан әрі нығайту бар. Оның бір жолы – индустриялық-инновациялық технологияларды дамыту. Ғалымдар осыған үлес қосудамыз.
Тәуелсіздік – еліміздің басты байлығы мен құндылығы. Алайда егемен ел болу бақыты халқымыз үшін оңай тимегенін үнемі естен шығармағанымыз абзал.
Инеш Шоқақова