Қоғам

Петропавлда мұз қалашықтар бой көтеруде



Облыс орталығында жаңа жылдың нышаны 18 метрлік басты әсем шырша орнатылды. Ендігі мақсат қылқан жапырақты жасыл желектің айналасын әспеттеп мұз қалашығын тұрғызу керек. Орталық алаңды мереекеге сай айшықтау жұмыстарына тартылғандардың бірі инженер-құрылысшы Сергей Зырянов

Cергей Зырянов, “Құрылыс-Кадат” ЖШС инженер-құрылысшысы:
Жұмыс аса ауыр болмағанымен өте жауапты. Бой көтерген нысандар берік болуы үшін әр мұз кесіндісін дәл өлшеп біргелкі қатыру керек. Өйткені демалуға келгендер көп болады. Ауыр салмақ түскенде мұз жарылып кетуі мүмкін. Сондықтан қауіпсіз етіп қалап жатырмыз.  

Жуық арада бұл сырғанақтың қызығын көріп, беріктігін сынайтындар көп болады. Оның құрылысына шамамен 6 бірдей жүк көлігіне сыярлық 2 мың мұз ойындысы жұмсалмақ. Ал бұл жерде бір емес, бірнеше сырғанақ құйылуда. Бүлдіршіндердің сүйікті ертегі кейіпкерлері бой көтереді.

 Виктория Жилякова, “Неф” ЖШС дизайнері:
– Сырттан қарағанда толығымен жабық қалашық тұрғандай әсер қалдырады. Горький мен Алтынсарин көшелерінде биік қақпа орнатылып жатыр. Кіре берісте қардан келер жылдың басты символы жылан қаланады. Айналасы мұзбен қоршалады. Сахна орнатып қойдық.  

Мерекелік шырша мен алаңды дәстүрге сай түрлі-түсті жарық шамдармен әрлендіру де маңызды.

 Константин Малеев, «Апаттық қызмет» өндірістік кооперативінің электромонтері:
– Шыршаны безендіріп болдық. Қазір қалашыққа жарық өткізіп жатырмыз. Мереке күндері біздің бригадалар кезекшілік құрады. Істен шыққандарын бірден жаңасына алмастырамыз.  

Осы тектес мұз қалашықтары облыс орталығының өзге аймақтарында да бой түземек.

Мұхит Нүрсейітов, Петропавл қалалық тұрғын үй шаруашылығы бөлімі секторының бас маманы:
Биыл жаңажылдық қалашықтарды салуға қала бюджетінен 7 млн теңге бөлінді. Эскиздік жобаны жасап қойдық. Мердігерлермен келісімге тұрдық. Қазақстан Қонституциясы көшесінде, Пестрое көлі маңында, «Түркістан» мейрамханасында, «Корона» сауда үйінің жанында және Вокзал алаңында мұз қалашықтар салынып жатыр.  

Мұз қалашықтары желтоқсанның 20-на дейін құйылып бітеді деп күтілуде.

Жеңіс Ермұқанов