Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағына 7 жерлесіміз ие болды

Мұндай жоғары мәртебе кез-келгенге бұйырмайды. “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағына ие болғандардың барлығы өңіріміздің, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып, еңбегімен ерекшеленгендер.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

 

 

-Еліміздің экономикасының дамуына қосқан үлестеріңіз өлшеусіз. Осы үшін алғыс білдіремін. Бүгінде жалпы елімізбен қатар облысымыз да гүлдену үстінде. Онда әрқайссыларыңыздың еңбектеріңіз бар.

Бұл жолы өңіріміздің құрметті азаматы атағына ие болғандардың саны жетеу. Солардың бірі облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Болат Сағындықов. Зейнеткер  еңбегінің ескерусіз қалмағанына өз ризашылығын білдірді.

Болат Сағындықов, еңбек ардагері:

-Еңбегімді елеп жатқандарыңыз үшін алғысым шексіз. Еліміздің дамуына күш-қуатымыз жеткенше әлі де үлесімізді қосамыз.Өскелең ұрпақты осыған тәрбиелеймыз.  

Құрметке бөлінгендер арасында бар күш-жігерін еліміздің даму жолында сарп еткен аға буын өкілдерімен қатар, бүгінде әр салада аянбай тер төгіп жүрген еңбек адамдары бар. Өңіріміз аграрлық аймақ. Тәуелсіздік алғалы бері бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Ол қарапайым шаруаның арқасы. Солардың бірі “Ақселеу” серіктестігінің басшысы Серік Малаев.

Серік Малаев, “Ақселеу” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

Еліміздің бүгінде жеткен жетістіктері аз емес. Оны одан әрі дамытуда ерінбей еңбек етуге дайынбыз. Еңбегімнің еленіп жатқанына қуаныштымын.

Өңірімізде егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Бұл ретте білікті агрономдар мен мал дәрігерлерінің атқарып жатқан істері ұшан- теңіз. Ал оларды даярлауда Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қосқан үлесі зор. Оның барлығы білікті басшының арқасы. Салтанатты шара барысында ол да назарсыз қалмады.

Қанат Мыңжасов, “Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты” ЖШС директоры:

-Қол жеткізген жетістіктерімізбен тоқтап қалмаймыз. Ел дамуына тамшыдай болса да үлесіміз тисе, біз үшін үлкен мәртебе. Сенім артып, құрметке бөлегендеріңізге ризашылығымды білдіремін.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы құрметке бөленгендерді тағы бір мәрте құттықтап, олардың әлі де еліміздің дамуына ерік-жігерлерін аямайтындықтарына сенім артты. Бұл азаматтардың еңбектері өскелең ұрпаққа өнеге.

Самат Есмағи