Қоғам

Гауһар той

 

 

 Осыдан 60 жыл бұрын шаңырақ көтерген Иван Павлович пен Зинаида Илларионовна үшін Мендельсон маршы бүгін алғаш рет ойналды. Отау құрамыз деп шешкен екі ғашық ол кезде қарапайым ғана той өткеріпті. Ал бүгін олар үшін ерекше толқынысты әрі бақытты күн. Себебі 60 жылды бірге өткізу барлық жанға бұйыра бермейді дейді той иелері.

 Зинаида Павлова:
– Мұндай бақытқа жетудің құпиясы – өз басым қызғаншақ болмадым. Бізді айырғысы келгендер де болды. Соған қарамастан бәрін махаббат жеңді. Үйден бірге шығып, бірге қайтатынбыз.
Иван Павлов:
– Менің жарыма деген алғысым шексіз. Өйткені оның маған сенім артуының арқасында осындай бақытты ғұмыр кешіп отырмыз.

Екі қыз тәрбиелеп, олардан 4 немере мен 2 шөбере сүйіп отырған той иелерін құттықтауға барша туған-туыстары жиналды. Ата-аналарын өздеріне үлгі тұтқан қыздары жүрекжарды тілектерін айтып, алғыстарын білдірді.

 Надежда Бережная, қызы:
– Ата-анамыз бізге айналадағы адамдардың бәрін құрметтеуді, үлкендерді сыйлауды үйретті. Сол үшін біздің алғысымыз шексіз. Біз оларды өзімізге үлгі тұтып, мақтан етеміз. 

Гауһар той – ендігі жерде бұл некені ешкім бұза алмайды деген ұғымға саяды. Мұндай мерейтой өңірімізде сирек тойланады екен.

 Жайнагүл Қаражігітова, қалалық әділет басқармасының маманы:
– Гауһар той – бізде өте сирек тойланады. Соңғы рет мұндай салтанатты мерейтой 2010 жылы болған. Биылғы жылы мұндай некені алғаш рет тіркеп отырмыз. Және құрмет кітабына осымен екінші той иелерін енгізіп қойдық.

Той иелерінің бақытты ғұмырлары кімге болсын үлгі болардай. Ағымдағы жылы 1820 жұп отбасын құрыпты.

Әспет Әбдірешова