Спорт

Жаңа хоккей алаңы ашылды


 

Бұл хоккей алаңы – жерлестеріміздің қыс мезгілінде де спортпен шұғылдануы үшін жасалған. Оның ені 28 метр болса, ұзындығы 52 метрді құрайды. Балалар жаз мезгілінде бұл жерде футбол ойнаса, қыс маусымында хоккей ойнап, кейбіреулері шорттректе күшін сынайды.

Данияр Шәкенов, СҚО білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт және АӘД орталығының директоры:
-Бұл жерде  Пушкин, 57  мекенжайындағы тұрғындар, гуманитарлық- техникалық колледждің студенттері спортпен айналысады. Аула клубтары осы жерде кездесіп тұратын болады. Мұнда аяқ киімді ауыстыратын арнайы дүңгіршік бар.

Хоккей кортының ашылу салтанатынан кейін жергілікті «Бүркіт» командасы жолдастық кездесуге шықты. Бұл спортшылар жақын арада Екібастұз қаласында өткен жарыстан оралған. Енді Астанада өтетін додада мүмкіндігін көрсетпек. Осындай хоккей алаңдары жақсы жаттығып, дайындалуға септігін тигізеді, дейді олар. 8 жасар Сергей Горбань  жаңа хоккей корты ойнауға өте ыңғайлы дейді.

 Сергей Горбань, Қ. Байболов атындағы мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті:  
-Хоккей кортын жасағаны жақсы болды. Мұзы да жақсы, ойнауға ыңғайлы. Енді Елордада өтетін жарысқа жақсы дайындалатын боламыз. Жүлделі орыннан үміттіміз.

Балалар мен жасөспірімдер ғана емес, сондай-ақ өзге тұрғындар бұл алаңның қызығын көруде. Солардың бірі – Игорь Дубинец. Азамат 44 жыл хоккей спортымен айналысыпты

 Игорь Дубинец:
-Жастардың спортпен шұғылданатыны, осындай алаңдардың ашылып жатқаны қуантады. Бұл кортқа келетіндердің қатары қалың. Оның арасында балалар да, үлкендер де бар. Өзім бала кезімнен хоккеймен айналысқанмын. Әлі де ойнаймын.

Жалпы облыс орталығында ағымдағы жылы 19 хоккей корты ашылмақ.

Айдана Демесінова