Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысы делегациясының Омбы облысына жұмыс сапары

Өңір жетекшісі Серік Біләлов бастаған солтүстікқазақстандықтарды омбылықтар ыстық ілтипатпен қарсы алды. Шекаралас өлкеге қарасты Есілкөл муниципалдық ауданының мәдениет сарайы өңір делегаттары соққан бірінші нысан болды. Өнер ошағында 25 клуб пен 15 шығармашылық ұжым, үйірмелер жұмыс істейді. Мәдениет үйіндегілер солтүстікқазақстандық өнерпаздармен бірлесіп рухани сабақтастықты үндестіру үшін шаралар ұйымдастырып тұрады. Ал мынау шекараға ең жақын орналасқан ауданның 600 адамға шақталған мұз сарайы. Салауатты өмір салтын ұстанатын әуесқой жерлестеріміз де бұл бұқаралық спорт нысанының қызығын көріп жүр.

Көршілес елдердің шекара маңындағы ауылдарының өмір сүру деңгейін көтереді. Жаңа жұмыс орындары пайда болады. Біз Еліміздің солтүстік қақпасы саналамыз. Сондықтан мемлекетіміздің өзге аймақтары шекараны аспай-ақ сіздерде бар тауарды иемдене алады.

СҚО әкімдігі  және Омбы өңірінің үкіметі арасында 2013-2015 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы жоспарға және бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Өңірімізде жуырда құрылған жастар саясаты жөніндегі департамент өзінің алғашқы халықаралық келісім құжатына қол жеткізді. Екі өңірдің бизнес өкілдері де серіктестікті одан әрі нығайта түсуге қатысты жаңа келісімдерге тұрды.

Руслан Есеналин, СҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы:
– Біздің аудандардың хоккейшілері қысқы ауылдық ойындарға осында дайындалады. Бұл жерде облыс құрамасын жаттықтыруға мүмкіндіктер жасауды қалаймыз. Осы төңіректе келіссөз жүргізетін боламыз. Өйткені жабық жасанды мұз айдынында қысы-жазы хоккей ойнауға болады. Алдағы күндері өңіріміздің Қызылжар ауданында да осындай корт ашылады. Бұқаралық спортты дамыту үшін келесі жылы СҚО спорт кешені салынады.  

Ал Маряновский муниципалдық ауданында жергілікті делегацияға “Знамя” мал фермасының жұмысы көрсетілді. Шаруашылық 4000    сүтті сиырларды бағып күтеді. Сауын сиырлардың әрқайсысы жылына 7 тонна сүт береді екен. Аймақ басшысы аталмыш кешеннен өңіріміздің ауыл еңбеккерлері жоғары өнімді зеңгі баба төлдерін алуға ниетті екендіктерін жеткізді. Біріншіден, жол машақаты қысқарады. Серік Біләлов жобаны мемлекеттің қолдауымен “Солтүстік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” арқылы жүзеге асыруға болатынын тілге тиек етті.  Ал Омбы облысының құс шаруашылықтарымен әріптестіктің мығым орнағанына 10 жылдан асып кетіпті. “Иртышское” ЖАҚ күніне 900 мың, жылына 320 млн дана жұмыртқа шығарады екен. Сонымен қатар млн-нан артық балапан басылады. Аса өнімді “Ломан уайт” пен “Хайсекс браун” кростары Солтүстік Қазақстан өлкесінде де қанат жайып келеді.

Александр Прядко, “Фирма-Алекри” ЖШС директоры, СҚО:
– Біз 2000 жылдары “Иртышское” жабық акционерлік қоғамынан тауықтар сатып алдық. Сол тұқымдардың арқасында өндірісіміз аяқ алып кетті. Құс фабрикасының қанаттылары асыл тұқымды. Өнімділігі жоғары. Бүгінде негізінен ісімізге тың технологиялар мен заманауи қондырғылар ендіру төңірегінде келіссөздер жүргізіп, тәжірибе алмасып тұрамыз.

Екі өңір де өз елдерінің басты аграрлы өлкесі болып танылады. Сондықтан бітік астық жинау қамындағы мәселелер де бірдей. Осы орайда СҚО тәжірибе станциясы мен Сібір ғылыми-зерттеу институтының ортақ жобалары жемісін беруде. Әсіресе сапалы элиталық тұқым  селекциялауға аса мән беріледі.

Белгібай Қанафин, СҚО тәжірибе станциясының директоры:
– Сібір ғылыми-зерттеу институтының сорттарын қолданып жүрміз. Өндіріске енгізер алдында экологиялық сараптама жасаймыз. Соңғы уақытта шығарған Омская 35,36 сорттары жақсы нәтиже беруде. Өнімділігі өте жоғары. Біздің стандарттарға қарағанда 2,3 центнер артық өнім береді.  

Серік Біләлов бастаған өңіріміздің агроқұрылым жетекшілеріне Сібір ғылыми-зерттеу институтының жанындағы Омбы тәжірибе зауыты көрсетілді. Өндіріс ошағы 30-дан артық ауыл шаруашылығы техникасын құрастырады екен.

Дмитрий Горлованов, “Омбы тәжірибе зауыты” кәсіпорнының құрастыру бюросының бастығы:
– Менің артымда тұрған техника СҚО аттанатын болады. Алдағы егістік науқанында жұмыс істеуге әзір. Тапсырыс берушілердің тәжірибесінен сүрінбей өтсе, әлі талайын әзірлеп беруге дайынбыз. Бұған дейін жөнелткен дән сепкіштерімізге еш сын айтылмаған болатын.  

Облысымыздағы бірқатар серіктестіктерге зауыт өнімі шынымен жақсы таныс. Жер жыртатын, дән себетін, астық оратын техника өлкеміздің алқаптарын өңдеуден бастап, астық соғуға дейін пайдаға асып жатыр.

Имаш Таласбаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
– Біз биыл ғана бұл зауыттан жоғары өнімді 150 бидай сепкіш сатып алдық. Алыс шетелдік даналарынан еш кем түспейді, бағасы да біршама төмен. Есесіне омбылық диқандар біздің өңірімізден химиялық өңдеуде аса қажет кең қанатты дәрі шашатын кешендерді сатып алады. Омбыдан жеткізілетін жабдықтарды енді өзімізде жинайтын боламыз. Ол үшін облысымызда бірлескен зауыт ашуды көздеп отырмыз.  

Өңір жетекшісі Омбы облысындағы қазақ диаспорасының өкілдерімен жүздесіп,  хал-жағдайларын сұрап білді. Бүгінде мұнда 78 мыңнан артық қандасымыз тұрмыс құрып жатыр.

Әнуар Жүнісов, Омбы облысының тұрғыны:
– Осындағы қазақтардың бірлік-берекесі жақсы. Орыстардан кейін ең көп халықпыз. Дін, мәдениет, әдебиетті дамытуда жұмыс істеп жатырмыз.  

Кеден Одағы аясында өңіріміз бен РФ арасындағы сауда- саттық 20 пайызға өсіп отыр. Бірыңғай экономикалық кеңістіктің ұтымды тұстары өлкемізден көрші елге шығарылатын экспорттың 5 есеге артуына сеп болды. Жыл басынан жергілікті кәсіпкерлер Омбы облысына 50 млн теңге көлемінде инвестиция құйған. Бірлескен 150 кәсіпкерлік табысты жұмыс жасауда. Осы және өзге де жетістіктер іссапарды қорытындылаған отырыста жария етілді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Тура 20 жыл бұрын Қазақстан мен РФ өзара алғашқы ресми құжат – достық  келісіміне қол қойыпты. Осы уақыттан екі ел арасындағы саяси, экономикалық және әлеуметтік байланыс бір үзіліп көрген емес. Бұл орайда Кеден одағы үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Биылғы жылдың басынан ғана СҚО-мен тауар айналымы 542 млн. АҚШ долларына жеткен. Денсаулық, білім, мәдениет, спорт, құрылыс салалары мен инфрақұрылым бойынша байланыс жылдан-жылға жанданып келеді.  

Солтүстік Қазақстан өңірі әлемнің 46 еліне төл өнімдерін экспорттайды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров омбылықтарды өңірімізбен тиімді жұмыс жасауға болатын тұстармен таныстырды. Мал шаруашылығы әлеуетін жақсы жолға қойған солтүстікқазақстандық шаруашылықтар Омбыға ет жөнелтуге дайын. Себебі мұндағы ірі қараның көп бөлігі сүтті бағытты. Есесіне өңір кәсіпкерлері ресейлік асыл тұқымды жылқы алуға ниетті. Сондай-ақ құрылысқа қажетті қиыршық тасты шекаралас өңірлерге тасымалдау жолын дамыту жоспарланып отыр. Жалғыз Ақжар ауданында ғана табиғи материалдың 10 млн тоннадан артық қоры бар екен.

Ақзам Тастеміров, Ақжар ауданының әкімі:
– Омбы облысымен тікелей жұмыс істеп жатырмыз. Тас өндіретін 6 зауытымыз бар. Биыл 280 мың тонна өндіріп, 360 млн теңгенің өнімін осында саттық. Келесі жылы тағы 6 өндіріс ашылатын болады. Біріншіден, салық және жұмыс орындарын ашуға жақсы.  

Омбылықтар өңірімізге жасаған сапарында 100-ге тарта келіссөз жүргізіліпті. Әсіресе шекарада көлік-логистикалық орталықтарын ашуға басымдық берілген. Осы жолы да шағын және орта бизнеске жол ашатын маңызды шаруа назарсыз қалмады.

Виктор Назаров, РФ Омбы облысының губернаторы:
– Логистикалық орталық құрылса, екі жақтың кәсіпкерлеріне мол мүмкіндіктер туады. Өңірлеріміздің тұрғындары жүздеген шақырымды бағындырғанша, шекара маңында қажеттісін сатып ала алады. Ең алдымен халық тұтынатын тауарлардың бағасын тұрақтандыруға, қызмет сапасын арттыруға сеп болады деп ойлаймын.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Логистикалық орталық шағын және орта бизнестің дамуына ықпал ететіні сөзсіз.

Жеңіс Ермұқанов