Қоғам

Табиғат қорғау талаптарын орындамаған кәсіпорындарға айып салынуда

 

 

Қоршаған ортаны аялап, оның ластанбауын басты назарда ұстау аса зор жауапкершілікті талап етеді. Алайда бұл мәселеге бәрі бірдей бас қатырып жатпайды. Мәселен, көптеген кәсіпорындар жұмыс барысында шығарылатын өндіріс қалдықтарын қалай жою керектігіне алаңдамайды дейді облыстық экология департаментінің мамандары. Бұған өзен, көлдер маңында ешбір рұқсатсыз шашылған қоқыс қалдықтары дәлел.

Мұхтар Смағұлов, СҚО бойынша экология департаментінің бөлім бастығы:
– Жыл басында біз ірі кәсіпорын «Севказэнерго» акционерлік қоғамын тексердік. Оның барысында Большое Белое көліне өндіріс қалдықтарының  төгілгені жөнінде факт тіркелді. Айыппұл көлемі шамамен 68 млн теңгені құрады. Оның 30 млн-ы өндіріп алынды.

Қоқысты белгілі бір жерге төгу үшін арнайы заңды құжат болу керек. Экологтар бұл тарапта осы сынды қадағалау  тексерістерін үнемі өткізіп отырады. Ағымдағы жылы қоршаған ортаға залал келтірді деген 117 шағым түскен. Ал одан келген шығын – 151 млн теңге.

 Мұхтар Смағұлов, СҚО бойынша экология департаментінің бөлім бастығы:
– Барлығы 423 табиғат ресурстарын пайдаланушы тексерілді. Жалпы 18 млн теңгені құрайтын 533 заңбұзушылық орын алған. Оның 473-і ерікті түрде өтелсе, сотқа 64 млн теңгені құрайтын 4 материал жіберілді.

Ауыл шаруашылығы саласында жер мен оның қыртысының ластануы да өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Ал ондай олқылықтарды болдырмау үшін табиғат ресурстарын пайдаланушылар саналы түрде өз әрекеттеріне жауап беріп, табиғат-ананы қорғауы керек дейді экологтар.

Әспет Әбдірешова