Денсаулық сақтау

Мамандар СПИД жұқтырғандар кеміді деп отыр

 

 

 

Жүре біткен иммундық тапшылық синдромының алдын алу және күрес жөніндегі орталығында бүгінгі таңда 420 адам диспансерлік есепте тұр. Ресми деректерге қарағанда облыс аумағында былтырғы жылмен салыстырғанда вич инфекциясын жұқтығандар саны азайды дейді дәрігерлер.

Александр Мельниченко, санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау комитетінің СҚО бойынша департаментінің бөлім бастығы:
– Қауіпті ауру пайда болғалы 25 млн адамның өмірін жалмаған. Ағымдағы жылы медицина қызметкерлері вич инфекциясын жаңа жұқтырған 56 жағдайды тіркеп отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда аз болғанымен, айтарлықтай өзекті мәселе.

Вич инфекциясымен күресудің негізгі жолы –  алдын алу. 10 қарашада бүкіл елде басталған айлықтың көздегені де осы. Бұл уақытта орталық мамандары жастармен кездесіп, аурудың таралу жолдары туралы дәрістер оқып, кездесулер ұйымдастырмақ.

 Қарлығаш Акинова, ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жөніндегі облыстық орталық дәрігері:
– Бүгінгі күні 1 қарашадағы мәліметке қарағанда облыс бойынша 591 адамнан вич инфекциясы анықталып отыр. Оның негізі 20-39 жас арасындағы жастар. Қала тұрғындары мен ауыл тұрғындарының арасында айырмашылық бар. Қала тұрғындары негізінен есірткі тұтыну арқылы жұқтырса, ауыл тұрғындары жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар. Және олардың арасында жұмыс істемейтін жастар көп.

Жүре біткен иммундық тапшылық синдромы жалпы адамзаттың ортақ мәселесі. Сондықтан оның алдын алуда бәріміз жұмыла жұмыс жасауымыз керек дейді мамандар.

Әспет Әбдірешова