Қоғам

Еңбек ардагері Заит Қаскеев 80 жасқа толды



 

Заит Қаскеев – 4 бірдей “Құрмет белгісі” орденінің иегері, оған қоса бірнеше медалі бар. Осыдан мерейтой иесінің бұрындары тынымсыз және адал еңбек еткенін байқауға болады. Заит Қаскеев Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында туған. Өзінің қызметтік жолын 1953 жылы “Ленин туы” газетінің тілшісінен бастаған екен. Одан кейін Петропавл аудандық комсомол комитетінің екіншісі хатшысы, Совет аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болады. Содан Соколовкада, Бескөлде де партия қатарында жүріп жетекшелік қызмет атқарады. Серік Біләлов Заит Қаскеевтің жүріп өткен жолы ұрпаққа үлгі боларлық дейді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Заит Қаскев 1972-1995   жылдар аралығында облыстық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті. Үнемі жұмысқа деген адал ниетімен танылатын. Тиянақты, ұқыпты. Біз сізге облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесіңіз үшін алғысымызды білдіреміз.

Серік Біләлов мерейтой иесіне Құрмет грамотасын табыс етіп, естелік сыйлықтар ұсынды. Жиында мерейтой иесін ардагер-әріптестері, үзеңгілес серіктері де құттықтады. Олар Заит Қаскеевтің ағаға құрметпен, кішіге ізетпен қарай білгенін ұмытпапты. Әр уақытта білгенімен бөлісіп, өзгені үйретуге жалықпайтын еді дейді.

Құдайберген Қалиев, еңбек ардагері:

– Біз Сіздің қолыңызға 1985  жылы түстік, Соколовка аудандық комитетінің басшысы болған кезіңізде. Сессия өткізу мен баяндама жасауды сізден үйрендік. Біздің жетістікке жетуімізде сіздің де үлесіңіз бар.

Туған күн иесінің жора-жолдастары құшақ-құшақ гүлмен қоса, ақ тілек, сыйлықтарын беріп жатты. Заит Қаскеев көрсетілген зор құрметке ерекше риза екенін жеткізді.

Данаш Хамзина