Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдікте құрылыс жайы сөз болды


 

 

Кездесуде ең алдымен аудан орталықтарындағы емханалардың құрылысы жайлы сөз болды. Есіл ауданы Явленка селосындағы емдеу мекемесінің бой көтеруіне қазынадан 496 млн теңге бөлініпті. Бүгінде оның 170 млн теңгесі игерілмей, жұмыс баяу жүріп жатыр. «Diamir құрылыс компаниясы» ЖШС-ң құрылтайшысы Ғалым Жахин материалдардың жоқтығын айтып, ақталуға тырысты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Келісімшартта көрсетілген жұмыстардың қаншалықты тындырылғанын қарау қажет. Онда құрылыстың толық аяқталуының белгілі бір уақыты бар. Өз ісін адал атқармай жатқан мердігер компаниямен келісімшартты бұзу керек.  

Шал ақын ауданының орталығында да осындай жағдай орын алған. Емхананың құрылысы “Ақниет-Астана АБС” ЖШС директоры Берік Әкімбаевқа сеніп тапсырылған. Ғимараттың ірге тасы шілде айында қаланған. Алайда қазіргі таңда қаржының 374 млн теңгесі игерілмей тұр. Өңір жетекшісі жылдың соңына дейін істі аяғына жеткізуді тапсырды. Мағжан Жұмабаев ауданы Булаев қаласындағы емдеу мекемесін салу кезінде де осындай мәселелер туындады. Құрылысқа жауапты «Стройкомпания» серіктестігінің директоры Хайдар Атажанов бөлінген қаражаттың 288 млн теңгесін әлі жұмсамаған. Нысан жыл соңына дейіп тапсырылмаса, құжаттар сотқа жіберілмек.
Жиында Петропавлда бой көтеріп жатқан баспаналардың жайы да қаралды. Мұнда да мәселелер шаш етектен. Мердігер компаниялар келісімшартта көрсетілген міндеттерді уақтылы орындамаған көрінеді. Осыған байланысты қазынадан бөлінген қаржы тиісті деңгейде игерілмей, жұмыс бәсеңдеген. Облыс әкімінің орынбасары Александр Чжен бұған компаниялардың бір емес, бірнеше объектілердің құрылысымен айналысуы себеп болып отыр дейді.

Александр Чжен, облыс әкімінің орынбасары:
– Мердігер компаниялардың басшыларымен 4 реттен кездестік. Бұл мәселені талқыладық. Еш нәтиже жоқ. Енді олар келісімшартта көрсетілген уақытпен жұмыс жасап үлгермесе, келісімшартты бұзу керек. 1 компания 2 нысанның құрылысымен айналысып, кейін екеуінде де жұмыс кенжелеп қалады.

Отырыста Бескөл ауылындағы қазандық құрылысының жайы да талқыланды. Бұл іс маусым айында «МИГ» ЖШС директоры Григорий Сергеевке тапсырылған еді. Серіктестіктің жауапсыздығынан мұндағы жұмыс та ақсап қалған. Мердігер Ресейдегі Бийск қаласындағы компаниядан құрылғы сатып алған. Бүгінде 10 вагонның 2-уі ғана өңірімізге жеткізіліпті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
«МИГ» ЖШС директоры Григорий Сергеев пен Хасип Сюникаев Бийск қаласына барып, мәселені шешсін. Қазандықтың құрылысына қажетті материалдардың қалған 8 вагонын тез арада облысымызға жеткізу керек.

Аудандардағы «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан баспаналардың құрылысы жайлы да сөз қозғалды. Бұл жағдай бойынша да біраз келеңсіздіктерге жол берілген екен. Өңір жетекшісі Серік Біләлов мердігерлерге бюджеттен бөлінген қаржыны толық игеріп, жоспарды жылдың соңына дейін аяқтауды талап етті. Тапсырма орындалмаған жағдайда келісімшарт бұзылып, материал сотқа жіберіледі.

Айдана Демесінова