Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Жас Ұлан -2012» форумы



 

 

Білімді, белсенді, дарынды әрі ізденімпаз. Жасұландықтар осындай талап бойынша таңдалады. Сондықтан бұл ұйымның құрамына ену әрбір оқушы үшін маңызды. Форумда тағы 120 солтүстікқазақстандық жеткіншек салтанатты түрде мемлекеттік ту түстес галстукты тағынып, жасұландық атанды.

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:
– Елбасымыз жастар саясатына ерекше көңіл бөледі. «Жас ұлан» ұйымының да бұл тұста атқаратын міндеті зор.

«Жас Ұлан – 2012» форумы – 1 жыл ішінде атқарылған жұмыстың қорытындысы. Түрлі олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаз, жүлдегерлері марапатталды. Жыл сайын 11-сынып оқушылары арасында Президенттік олимпиада өтеді. Облысымыздың 10 оқушысы желтоқсан айында оның республикалық кезеңіне қатыспақ.

Мәдина Науқанова, Ә. Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат оқушысы:
-Президенттік олимпиада бұрын бір ғана пәннен өтетін болса, енді 4 пәннен өтеді. Онда бірнеше пәнді жетік білетін оқушылар күш сынасып, үздіктер анықталады.

Белсенді оқушылар түрлі аталымдар бойынша марапатқа ие болды. «Жас зерттеуші», «Жас дарын», «Жас блоггер» сынды номинацияларда үздіктер анықталды. «Жас тілші» аталымында Жамбыл ауданынан Әйгерім Ақылбайқызы топ жарды.

Әйгерім Ақылбайқызы, № 2 Преснов орта мектебінің оқушысы:
– Мен түрлі облыстық, республикалық байқауларда жеңімпаз атандым.  «Жас тілші» аталымында жеңіске жеткеніме қуаныштымын.

Ал жасұландық үшін ең жоғарғы марапатқа қалалық классикалық гимназия  оқушысы Айдос Тұрғынов иеленді. Ол – ең белсенді «Жас ұлан – 2012» атанды.

Айдос Тұрғынов, қалалық классикалық гимназияның оқушысы:
– «Жас ұлан» ұйымының мүшесі болу мен үшін зор құрмет. Осы жетістіктеріммен тоқтамай, еліміздің даму жолында еңбектенемін деп кәміл сендіремін.

Жалпы бұл ұйым құрамына 4 мыңнан астам солтүстікқазақстандық оқушы енген.

Инеш Шоқақова