Мәдениет

Өңірдің жас суретшілері әлемге танылуда


 

Өткен айдың ортасында РФ Свердловск облысының Ирбит қаласында ұйымдастырылған халықаралық байқауда 300 жас суретшінің еңбегі жайғасқан. Екі жылда бір болатын шығармашылық сынға дода иелері мен Әзербайжан, Германия және Қазақстанның жас қылқалам шеберлерінің туындылары жіберіліпті. Ортақ талап – қағаз бетіне мотоциклдың бейнесін түсіру. Солтүстікқазақстандық Михаил Монастырскийдің тартымды етіп орындалған жұмысы әділқазыны бейжай қалдырмай жүлдеге ие болды.

Михаил Монастырский, халықаралық байқау дипломанты:
Мен шөп тиеген мотоциклды салдым. Ауылға демалуға барғанда осы көрініс ерекше есімде қалыпты. Өйткені, мал азығы көбіне үлкен көліктерге артылады ғой.

Өңірімізден осы тектес көз тартар біршама сурет жіберіліпті. Жерлестеріміздің әуестігі ұйымдастырушыларды тәнті еткен.  

Татьяна Никитина, көркемөнер лицейінің оқытушысы:
Оқушыларымның қолымен жасалған еңбектері халықаралық байқауда ерекшеленгені тосын сый болды. Онда түрлі техниканың негізінде дүниеге келген туындылар етек жайды. Біз барынша көп стилді қамтуға тырыстық. Графика, акварель бояулары тіпті қаламсаппен де салынған дүниелерді жібердік.  

Тақырып бір болғанымен авторлардың сурет композициялары өз алдына ерекше сан қилы нақышта безендірілген. Әр түрлі еңбектің ішінде – Сони Литоштың  жұмысы өте әсерлі көрінеді.

 Соня Литош, көркемөнер лицейінің оқушысы:
-Сурет салу – ең сүйікті ісім. Мотоциклды ара кейпінде бейнелеуге тырыстым. Өйткені, ұқсастықтары бар. Екеуі де шағын болғанымен, шапшаң.  

Өңіріміздің жас қылқалам шеберлерін Тұңғыш Президент күні қарсаңында марапаттау бекер емес. Өйткені осы жеткіншектер өнер арқылы елімізді түрлі халықаралық байқауларда әлемге танытып жүр.

 Жеңіс Ермұқанов