Қылмыс

Екі мекемеде ақша сақтайтын сейф тоналды

Ұрылар Ғ.Мүсірепов көшесі бойындағы мекемелердің біріне сенбіден жексенбіге қараған түні түскен. Қарақшылар ғимаратқа еш кедергісіз кіріп, 1 млн теңгеден астам соманы қолды қылыпты. Ақшаның жоғалғанын қызметкерлер тек келесі күні түстен кейін байқапты. Оқиға орнын тексеру барысында қылмыскерлердің ғимаратқа артқы есіктен кіргені мәлім болды. Олар екінші қабатта орналасқан есепші кабинетін қабырғаға ілінген көрсеткіш белгілердің көмегімен оңай тауып алған.

Осыған ұқсас қылмыс Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында да тіркелді. Пластикалық терезені сындырып, ішкі кірген қылмыскерлер 1,5 млн теңгені қорабымен бірге алып кетіпті. Ұрлық жайында күзетшілер тек таңертен ғана білген. Мұнда бейнебақылау камерасы да, дабыл да жоқ. Қазір криминалдық полиция қызметкерлері қылмысқа жасаған тұлғаларды іздестіріп жатыр.

Әмір Қасейінов, Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының бастығы:

 

– Қылмыстардың алдын алу мақсатында мекемелердің басшылары барлық керекті қауіпсіздік шараларын қолға алуы қажет. Осындай қылмыстарды, көбінесе, сол кәсіпорында бұрын қызмет еткен азаматтар жасайды.

Жалпы, жыл басынан бері қалада осындай 7 оқиға орын алған.

Данаш Хамзина