Спорт

Балғын боксшылар сайысы

 

 

 

Дода 10 мен 13 жас аралығындағы жеткіншектердің басын қосты. Мектеп біріншілігінде бағын сынау үшін 150-ге жуық спортшы келген екен. Мұнда Ресейдегі Ишим қаласының да боксшы балалары қолғап түйістірмек.

 Виктор Окованцев, “Жеңіс” олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің аға бапкері:
-Бұл ашық біріншілікті Тұңғыш Президент күні мен бокс бөлімінің 30 жылдығына орайластырып отырмыз. Біздің мектептегі материалдық-техникалық база жақсы. Мемлекет қолдауының арқасында талай жеткіншектің бокспен шұғылдануына мол мүмкіндігі
бар.

Алғашқы болып шаршы алаңға Данияр Жарасов пен Жандос Опабеков шықты. Бұлар аз уақыт ішінде шеберліктерін көрсетіп қалуы тиіс. Сондықтан, әрбіреуі белсенді қимылдауға кірісіп, ұпай жинауға тырысуда. 3 раундтың қорытындысы бойынша жекпе-жекте Ғ.Мүсірепов ауданының намысын қорғаған Жандос Опабеков жеңіске жетті.

 Жандос Опабеков, жарысқа қатысушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:
-Қарсыласым мықты болғанымен, көп дайындалғанның арқасында жықтым. Алдағы уақытта да осындай қарқынмен биік белестерді бағындырғым келеді.

Көкшетаулық Мұхамедәлі Сыдық 30 келі салмақ дәрежесінде мүмкіндігін көрсетті. Талапты бала боксқа 2 жыл бұрын келіпті. Осы күнге дейін 20 жекпе-жекке шығып, 16-сында қарсыласын тізе бүктірген екен. Ол бұл кездесуде де басым түсті.

 Мұхамедәлі Сыдық, жарысқа қатысушы, Көкшетау қаласы:
-Қарсыласым мықты болды. Алдағы уақытта 2 баланы жеңіп 1-орын аламын деген үміттемін.

Жарыс жеңімпаздарының есімдері үш күннен кейін белгілі болады.

Айдана Демесінова