Билік

Өңір басшысы қос мерекеге орай қызметкерлерге сыйақы беруді ұсынды



 

Солтүстікқазақстандықтар Тұңғыш Президент күнін лайықты жоғары деңгейде атап өту үшін қызу дайындалып жатыр. Желтоқсанның 1-нде  облыс көлемінде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылмақшы. Сол себепті, мейрамды өткізуге арнайы құрылған бағдарлама ауқымды. Жиын барысында әзірлік жайы сөз болды. Серік Біләлов Елбасының Қазақстанның құрылуы, қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Мемлекет басшысының егеменді Қазақстанның дамуына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Егеменділіктің негізін қалаушы ретінде қазір бірлікті, әрбір азамат құқығының қорғалуын және адам бостандығын қамтамасыз етіп отыр. Осындай аз уақыттың ішінде Қазақстан Республикасының беделі өзге дамыған елдердің арасында жоғары тұр.

Ал, желтоқсанның 16-нда қазақстандықтар Тәуелсіздік күнін тойлайды. Осыған орай, Серік Біләлов кәсіпорындар басшыларын мерекелі күндерде жұмысшыларына сыйақы беруге шақырды. Бұл – тұрғындарға тамаша көңіл-күй сыйлап, адал еңбек етуге ынтасын арттыратыны сөзсіз.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Мемлекеттік мерекелер қарсаңында ұйым басшылары өздерінің қызметкерлеріне сыйақы тағайындаса деймін. Азаматтарға бір айлық жалақы көлемінде сыйақы беруді қолдауларыз керек.

Серік Біләловтің ұсынысы бірден қолдау тапты. Кәсіпкер Сергей Леонтьев сыйақымен марапаттау – қызметкерлерді еңбекке ынталандырады дейді.

Сергей Леонтьев, “Леонтьев” ЖШС бас директоры:

– Желтоқсанның 1-нде 50 пайыздық сыйақы береміз. Бізге, сондай-ақ, 3 млн теңгенің тапсырысы түсті. Қаржыны толығымен желтоқсанның 16-на таман берілетін сыйақыға жұмсаймыз.

Өңірдегі машина жасау, қайта өңдеу салалары мен ірі сауда орындары қарқынды дамып жатыр. Олар осылай әрі облыстың әлеуметтік-экономикалық өсуіне де айтарлықтай үлес қосуда. Ал ондағы мамандардың маңдай терін бағалау қажет. Жұмысшылардың еңбегі осындай екі зор мемлекеттік мерекеде еленетініне сенеміз.

Данаш Хамзина