Автоматты бөлшектеп, жинау. Бұл іспен негізінен ұлдар айналысады. Дей тұрғанмен әскери-патриоттық оқу- жаттығуларда қыздар да бағын сынады. Солардың арасында «Арлан» әскери-патриоттық клубының мүшесі Айжан Тайжанова да бар. Ол бүгін автоматты жинауда өзінің ептілігін көрсетіп, көзге түсті.
Айжан Тайжанова, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің «Арлан» командасының мүшесі:
– Біз командамызда қыздардан үшеуміз. Меніңше бұл өте қызық. Көп нәрсе үйренесің. Осындай жарыс өтеді дегенді естіп, оған қатысуға бел будым. Автоматты жинауда меніңше қыздар арасында жақсы нәтиже көрсеттім деп ойлаймын.
3 күнге жалғасқан оқулар барысында жеткіншектер қоян-қолтық ұрыс, турникке тартылу, көздеп ату, қаруды бөлшектеп-жинау, алғашқы медициналық көмек көрсету сынды сайыстарға түскен.
Қайрат Тілегенов,СҚО білім басқармасының алғашқы әскери дайындық, спорт орталығының бас инспекторы:
– Бүкіл командалар жақсы дайындалған. Бірақ өздеріңіз білесіздер, ең күштілері ғана жеңеді. Әр сайыста өздерінің ынталарын көрсетіп, өздерін жақсы көрсете білді.
Бұл жарысқа облыс аумағынан барлығы 8 команда қатысқан болатын. Жарыс нәтижесі бойынша өздерінің жоғары көрсеткіштерімен Аққайың ауданының құрамасы бірінші орынға ие болды. Екінші орын Қызылжар ауданының оқушыларына бұйырса, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің «Арлан» әскери-патриоттық клубы үздік үштікті қортындылады.
Бауыржан Дүйсенбинов, Аққайың ауданы:
-Бүгін біздің командамыз бірінші орынға ие болды. Оған мен қуаныштымын. Бұл барлығымыздың жеңісіміз.
Әскери-патриоттық ойындар оқушыларды отансүйгіштікке баулиды. Олар осындай сындарда шыңдалады дейді ұйымдастырушылар.
Әспет Әбдірешова