Қылмыс

Тағы бір қарияны алаяқтар алдап соқты



 

Алаяқтар көпшілікке танымал әрі кең тараған айламен жұмыс істеген. Татьяна Павловнаның үйіне кеш бата белгісіз біреу телефон шалады. Ар жағынан оның ұлының даусына ұқсас ер адам өзінің жол апатына тап болып, басы бәлеге қалғанын жеткізген. Көп уақыт өтпей телефонға тағы біреу хабарласып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырады. Бейтаныс адам іс сотқа дейін жетпеу үшін зейнеткерден қыруар ақша сұраған. Алаяқ зейнеткерді ол   ақшаны қаншалықты тез тапса, баласын соғұрлым ерте босатады деп сендірген. Татьяна Павловна мұндай алаяқтық фактілері жайлы бұрындары естіген екен. Алайда өз баласына қатысты осындай жағдай болды дегенде өзін қоярға жер таппаған. Тіпті баласына өзі хабарласып көрген, бірақ ұлының телефоны өшіріліп тұрса керек. Қария жиған-терген 200 мың теңгесін алаяқтың нұсқауы бойынша терезе арқылы жерге тастаған. Кейін болған оқиғаны қызына хабарласып, айтып береді. Ал қызы бірден ағасына телефон шалып, оның аман-сау екеніне көз жеткізген.

Сағындык Жантеміров, СҚО ІІД қылмыстық полиция басқармасының жедел уәкілі:

-Қылмыстық полиция басқармасы барлық азаматтардан егер оларға біреу қоңырау шалып, жақындары қиын жағдайға тап болды деп, сол үшін ақша талап етсе, оны алдымен анықтап алуды сұрайды. Мұндай жағдай орын алса, 102 номеріне хабарласу керек.

Тәртіп сақшыларының айтуына қарағанда, қарашада ғана облыста алаяқтыққа қатысты 6 факт тіркелген. Оның екеуінде зейнеткерлер жапа шеккен.

Әспет Әбдірешова