Қоғам

Гуманитарлық-техникалық білім беру кешеніне – 70 жыл

 

 

 

Гуманитарлық -техникалық білім беру кешенінің тарихы терең. Оның іргетасы Ленинградтта 1930 жылы механикалық-техникалық-конструкторлық техникум болып қаланған. Ұлы Отан соғысы жылдарында көптеген зауыттар мен кәсіпорындар секілді басқа қалаларға көшіріледі. Білім ошағының сол кездегі маңдайына жазылғаны Петропавл қаласы екен. Оған еш өкініш жоқ дейді кешеннің қазіргі басшысы.

  Александр Мерк, Гуманитарлық-техникалық білім беру кешенінің президенті:

-70 жылдығымыз Тұңғыш Президент күнімен тұспа-тұс келіп отырғаны біз үшін қос қуаныш. Жыл өткен сайын өсіп-өркендеп келеміз.

Алғашқы жылы білім ордасы тек 40 маман даярлап шығарса, бүгінде олардың саны 50 мыңнан асқан. Көбінің есімі елге танымал. Оларды ұлықтауда соңғы жылдары кешенде жақсы дәстүр қалыптасты. Ол тұлғалардың атын оқу кабинеттеріне беру.

Григорий Кухарь, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

-Оқу ордасын осыдан 40 жыл бұрын тәмамдадым. Содан еңбек жолым басталды. Қазір зейнет демалысында болсам да білім ордасымен әлі күнге дейін тығыз байланыстамын.

Мына бөлме жас та болса есімін төрткүл дүние таныған спортшы Маргарита Мұқашеваның құрметіне ашылып отыр. Білім ошағының түлегі спортқа деген ұшқынын осы жерден тұтатыпты.

Маргарита Мұқашева, 30-шы жазғы олимпиада ойындарының қатысушысы:

-Қуаныштымын, өзім білім алған ордамның мерейтойына шақырғандарына. Оның үстіне есімім сыныпқа беріліп жатыр. Ұстаздар қауымына алғысымды білдіргім келеді. Спорттағы алғашқы жетістіктерімнің барлығы сол кісілердің арқасы.  

Бүгінде білім кешенінде 3,5 мыңнан астам оқушы білім алуда. Болашақта олар да алдыңғы буын аға-апалары секілді танымал тұлға болуды көздейді.

Арман Сұлтанов, Гуманитарлық-техникалық білім беру кешенінің оқушысы.

Маргарита Мұқашева да осы кешенде білім алған. Бүгінде ел намысын үлкен додаларда қорғап жүр. Келешекте мен де сол секілді танымал спортшы болғым келеді. Соған қол жеткіземін деп ойлаймын.

Шара соңы концертке ұласты.