Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір басшысы Петропавл кәсіпорындарын аралады



 

 

Өткен жылмен салыстырғанда “ЗИКСТО” АҚ биылғы жұмысы айтарлықтай ақсап қалған. Өнімділік бірден екі есеге төмендепті. Облыс әкімі кәсіпорын басшысының бұл немқұрайлы әрекетін сынға алды. Алған қарқындарының күрт бәсеңдеу себебін түсіндіруді талап етті.  

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Жылына 5-ақ млрд. теңгенің тапсырысы  орындалмақ. Былтыр 10 млрд. теңгенің өнімі шығарылды емес пе. Биыл зауыт маусым айына дейін түк бітірген жоқ. Нарықтағы орынды сақтау үшін тырысу керек. “Қазақстан темір жолы ” ҰК өкілдерін шақырайық. Жағдайды оңалту үшін жай тұрмай бір амалдарын іздеу қажет.

Қазір өндіріс ошағының құрастырушылары 200 астық тасымалдағыш пен 50 жартылай вагон жинап жатыр. Бұл тапсырыс зауытқа 5 млрд. теңгенің кірісін әкелмек. Жылдық табысты бұдан артық еселеуге уақыт тапшы дейді ЗИКСТО басшылығы.

Игорь Коровин, “ЗИКСТО” АҚ директоры:
– Кәсіпорын 3 млрд теңгенің айналым қаржысына ғана жете алды. Одан артық жасауға уақыт жетпейді. Келісімдер тым кеш жасалды.Тапсырыстарды нақты орындау жұмыстарына тек жылдың екінші жартысында кірістік. 6 айда бұдан артық вагон жинап үлгермейміз.  

Серік Біләлов зауыттықтарға бұл олқылықтың орнын толтыруды тапсырды. Кейін аймақ басшысы “Мұнаймаш” АҚ атқарған шаруаларымен танысты. Биыл зауыттың бірқатар қондырғылары шетелдік озық үлгілеріне алмастырылыпты. Заманауи жаңашылдық уақыт үнемдеуден бұрын өндіріс көлемін ұлғайтуға сеп болған.

Фёдор Дмитриев, “Мунаймаш” АҚ бас инженері:
-“Өнімділік-2020” мемлекеттік бағдарламасының арқасында 12 бірлік жоғары өнімді қондырғы сатып алдық. Жаңа жабдықтар жұмысымызды одан әрі тиімді ете түскені рас. Бірақ шығарған тауарымызды жеткізуде ұзақ мерзімді келісімдер жасалмай отыр.

Кәсіпорынға отандық алпауыт компаниялардан түсетін тапсырыс жоқтың қасы. Қазіргі күні “Мұнаймаш” ресейлік фирмалардың сұраныстарын қанағаттандыруда.
Тез салынатын ғимараттар зауытының бүгінгі хал-ахуалы да облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Жергілікті мамандарға өңірімізден бөлек Астана қаласынан тапсырыстар түсіп жатыр. Бүгінде серіктестік құрылысшылары елордадағы балет және опера театрының жаңа ғимаратын көтеруде.

Азамат Бекқожинов, “Тез салынатын ғимараттар зауыты” ЖШС директорының орынбасары:
– Бүгінде жұмысымыз тұрақты жүріп жатыр. Мамандар жеткілікті, тек дәнекерлеушілер әлі де қажет болып тұр. Новоникольск ауылында хоккей қорабын салып бітіруге жақынбыз. Спорттық нысан американдық жылдам әрі сапалы технология негізінде көтерілуде.

Серік Біләлов серіктестікке өңіріміздің әр ауданында осындай жабық корттар салуды ұсынды. Жоба екі жаққа да тиімді. Кәсіпорын 2013 жылы кең көлемді тапсырыс алып ауылдықтарды заманауи хоккей алаңдарымен қамтиды. Жұмыс сапарының соңында өңір жетекшісі Петропавл ауыр машина жасау зауытына ат басын тіреді. Биыл кәсіпорынның өндіріс көлемі екі есеге артыпты. Сұраныс бар. Сондықтан жұмыс үш ауысыммен жүріп жатыр.

Владимир Ковшов, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ бас директорының орынбасары:
– Негізгі жұмыстар жылдың төртінші ширегіне қалды. Жыл соңына дейін жер астында күрделі жөндеу жұмыстарына арналған 22 қондырғы шығару керекпіз. Тапсырыстың көп бөлігі “ҚазМұнайГаз” бен “Маңғыстау Мұнайгаз” компанияларынан түсті.  

Облыс әкімі зауыттың жұмысына оң бағасын берді. Өңір кәсіпорындарының әріптестігін нығайтуға шақырды. Бірлескен жұмыс өндірістің көлемін арттырып, облыс экономикасына ықпалын тигізетініне сенім білдірді.

Жеңіс Ермұқанов