Қоғам

Қарашаның 13-і – халықаралық зағиптар күні



 

Жарық дүниені өз көзіңмен көре алмаудан артық қасірет жоқ. Дегенмен бұл қиындыққа мойынұсынбай өз өмірлерін басқа арнаға аударған қажырлы жандар жетерлік. Солардың бірі – Светалана Бусыгина. Бала кезінен көру мүмкіндігінен айырылған нәзік жан  2009 жылдан бері облысымыздағы қазақ зағиптар қоғамына келіп, уақытын пайдалы етіп өткізеді.

Светлана Бусыгина, облыстық қазақ зағиптар қоғамының мүшесі, бірінші топтағы мүгедек:
– Мен төрт қабырғаға қарап отыруға үйренбеген адаммын. Көпшілікпен араласқанды ұнатамын. Сол себепті мен осы қоғамға келіп уақытымды өткіземін. Тоғызқұмалақ ойнаймын, жастармен бірлесіп көптеген шараларды өткізуге қатысамын.  

Жалпы бұл қоғамға келушілердің саны – 70-ке жуық. Олардың көбі бұл жерде өзімізге қолдау табамыз дейді. Зағип жандар қоғамында арнайы кітапхана жұмыс істейді. Мұнда оқырманға  әдебиеттің 4 түрі ұсынылады. Жалпақ әріптермен басылған, сөйлейтін, аудио-кітаптар мен рельефті-нүктелі тактильді шрифтпен жазылған кітаптардың жалпы қоры 40 мыңға жетеді.

 Галина Шахматова, нашар көретін және соқыр адамдарға арналған мамандандырылған кітапхана меңгерушісі:
– Қажетті әдебиетті жиі алып тұрамыз. Қорымыз үнемі жаңарып тұрады. Рельефті-нүктелі шрифпен жазылған кітаптарды Санкт-Петербургтен алып тұрамыз. Жақында брайль үлгісінде жазылған 96 журнал жеткізілді. Олардың негізгі бөлігі көркем шығармалар.

Сауықтандыру орталығына келушілер өздерінің уақыттарын тиімді өткізеді. Рельеф -нүктелі шрифт  арқылы жазу мен саусақпен сезу арқылы оқуды осы жерде үйретеді. Сонымен қатар компьютер арқылы бағдарлауға машықтандыру жаттығулары жүргізіледі.

Минвали Хайрулин, облыстық қазақ зағиптар қоғамының төрағасы:
– Біз зағип адамдарға медицина көмек жасай алмаған уақытта қол ұшын береміз. Яғни біз ондай жанды өмірге дайындаймыз. Сонымен қатар біз мұнда келетін балалардың ата-аналарымен жұмыс істейміз.

Зағиптар қоғамының арнайы кәсіпорнында бүгінде 13 көру мүмкіндігі шектелген жерлесіміз жұмыс істейді.

Әспет Әбдірешова