Әр түрлі

Әскери қызметтегі арулар байқауы



 

Байқау 6 арудың басын қосты. Арнайы форма киген үміткерлер өздерінің бойында батылдық пен қайсарлықтан басқа қыздарға тән нәзіктік қасиеті бар екенін де дәлелдеуге тырысты. Жеңімпаздарды анықтау кезінде қатысушылардың ақылы, тартымдылығы, шығармашылық ынтасы мен жан-жақтылығына баса назар аударылды.

 Махаббат Исимбаева, «KazFond» жастар қоғамдық қорының төрайымы:
– 8 аталым бойынша үздіктер анықталады. Қатысушылар өзін-өзі таныстырғаннан кейін қазылар алқасы қойған сұрақтарға жауап береді. Кейін өздерін шығармашылық қырынан танытады. Погон таққан нәзікжандар арасындағы сұлулық байқауы өңірімізде алғаш рет өтіп жатыр.

Зәуре Әлиасқарова қолға қару алып, Отанымыздың тыныштығын қорғайтын әскери қызметте еңбек етуде.  Бұл салаға өмірінің 10 жылын арнапты. Өз ісіне адал жанның жетістіктері де аз емес. Солардың бірі – 1, 2-ші дәрежелі «Қайсар»  кеуде белгілері. Білімді қызметкер, үйде аяулы ана және сүйікті жар. 2 баланы тәрбиелеп жатқан жерлесіміз қоғамдық шаралардан де шет қалмайды.

Зәуре Әлиасқарова,  ҚР ІІМ ІӘ ӘИ құпия картографиялық бөлімшесінің жауапты орындаушысы:
-Әскери қызмет саласын таңдаған себебім – Отан қорғауда ер- азаматтарымызбен бірге иық тіресе нәзікжан  ретінде үлесімді қосқым келді. Байқауға қатысу себебім – тек қана жетістіктерге жетіп, ҚР ІІМ ІӘ ӘИ беделін жоғары көрсетіп, оның дәрежесін қорғау.

Сахнаға алғаш шыққаннан-ақ 44 жастағы үміткер елінің нағыз патриоты екенін дәлелдеді. Ол мемлекеттік тілде өзін таныстырып, шығармашылық кезеңде де туған тілінде өлең оқыды. Зәуре Әлиасқарованы қолдау үшін туған-туысқандарымен бірге әріптестері де келген екен.

Ләззат Алданазарова:
-Әскери институттағы Әлиасқарова Зәуре Пірәліқызын қолдауға келдік. Бірінші орын алады деп ойлаймын. Өйткені ол өте ақылды да тапқыш. Әрқашан алда болады.

Сұлулардың арасынан үздігін таңдау қазылар алқасына оңай болмады. Осылайша көркімен де, өнерімен де, қойылған сауалға берген жауабымен де әділқазылардың жүрегіне жол таба білген Мейрамгүл Айтмұхамбетова жеңіске жетті

 Мейрамгүл Айтмұхамбетова, СҚО ТЖД радиобайланысшысы:

-Шынымды айтсам жеңіске жететініме сенімді болдым. Әрине қобалжу сезімі де болды. Дегенмен көрерменнің қолдауы көмектесті. Өз қызметімде де үздік болып жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуге тырысамын.

Байқауға қатысқандардың барлығы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айдана Демесінова