Билік

Қоғамдық кеңесте болашақ судьялардың кандидатуралары қаралды

 

 

Судья атануға үміткерлер қоғамдық кеңестің басталуын асыға күтуде. Тахмина Собирова сот жүйесінде 14 жылдан бері қызмет етеді. Сондықтан судья болу шешімін қабылдауға уақыт болған. Тәжірибе де жеткілікті. Ол өз қызметін Қызылжар аудандық сотының судьясы лауазымында жалғастыруға үміттеніп отыр.

Тахмина Собирова, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот отырысының хатшысы – бас маман:
Судьялыққа үміткерлерді таңдау үрдісі ашық өткізілетіндігі қуантады. Бұл тұста қоғамдық кеңестер қажет деп ойлаймын. Өзім мамыр айында өткен кеңеске де қатысқан болатынмын. Міне, тағы бір рет өз мүмкіндігімді байқап көруге бел будым.

Кеңеске қоғам өкілдері енген. Бұл отырыс үміткерлердің адамгершілік және іскерлік қасиеттеріне қатысты жұртшылық пікірін білдіру үшін өткізіліп отыр. Мұндай кеңес жергілікті соттардың судьясы лауазымына жарияланған байқауға алғаш қатысушы кандидаттарға ғана арналған.

Қазиза Жүнісова, СҚО сотының судьясы:
Қоғамдық кеңестің бірінші отырысы мамыр айында өткен болатын. Республика бойынша байқау жарияланған соң, үміткерлерге осы сыннан өту керек. Олар үшін кеңес мүшелерінің оң қорытындысын алу маңызды.

Барлығы жергілікті соттарда 10 бос орынға байқау жарияланып отыр. Интернеттегі арнайы сайт арқылы үміткерлердің адамгершілік қасиеттерін білетін кез келген азамат өз пікірін қалдыра алады. Бұл судьялар корпусының сапалы құрамын жасақтауға жол ашпақ.

Инеш Шоқақова