Билік

Облыс әкімінің Ақжар ауданына жұмыс сапары

 

 

Өңір жетекшісі алдымен “Лұқбанов” серіктестігінде жүріп жатқан орақ науқанының барысымен танысты. Шаруашылық биыл 4800 Га алқапқа бидай тұқымын сіңірген. Бүгінде танап басына шыққан 8 комбайн егіннің 60 пайызын құлатып үлгерген. Гектар берекелігі 8 центнерден айналуда. Серіктестік басшысы ауа райы қолбайлау болмаса   қалған шаруаны қыркүйектің 12-не дейін тындыруды межелеп қойыпты. Кішіқараой ауылдық округіндегі егіс жерінің басым көпшілігіне астық сепкен “Бостандық” серіктестігі диқандарының қарқыны да жаман емес. Танап басындағы 12 жоғары өнімді кешенге 26 мыңдай егіннің 30 пайызын бастыру ғана қалыпты. Аймақ басшысын орылып жатқан бидай сапасы қызықтырды. “Зерно” шаруашылық қожалығы болса маңызды науқанды тәмамдауға жақын. Бұған Серік Біләлов көз жеткізді. Мұнда ырыс дәнінің кілегейлігі 30 пайыздан асып жығылады. Астық кептіруді қажет етпейді, бірден қамбаға құямыз дейді диқаншы.

Анатолий Голунец, “Зерно” ШҚ басшысы:
– Орташа шығымдылығы гектарынан 9 центнер. Біз егін орумен қатар мал азығын даярлап жатырмыз. 1430 гектарға көп жылдық шөп отырғыздық. Қуаңшылыққа қарамай құнарлы болып өсті. Округіміз түгіл аудан бойынша сұраныс мол деп бағаны көтерген жоқпыз. Керісінше ауыл тұрғындарының қалтасы көтеретіндей өзгелерден арзанырақ сатамыз.  

Жалпы ақжарлық ауыл еңбеккерлері бар алқаптың 67 пайызындағы жұмыстарды еңсеріп тастапты. Кейін облыс әкімі аудан орталығы Талшық елді мекеніндегі “Айгөлек” балабақшасының ашылу салтанатына қатысты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз жолдауында ел ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында екенін атап өтті. “Балапан” бағдарламасы негізінде бой көтерген 60 орындық тәрбие мекемесі заман талабына сай жабдықталған. Сондықтан балабақша ұжымы бар мүмкіндікті дұрыс пайдалануы қажет. Балалар жаңа балабақшада жақсы тәрбие алатынына сенемін.  

60-қа тарта ата ананың көптен күткен арманы орындалды.
Ауылдықтардың қуанышына ортақтасқан Серік Біләлов бөбекжай ұжымына автокөліктің кілтін табыс етті. Кейін таспаны қиып, мектепке дейінгі тәрбие мекемесін аралады. Жоба құны 156 млн теңге. 29 адам жұмыспен қамтылды. Оның 6 -ы жоғары білікті тәрбиеші. Нысанның іске қосылуымен аудан балғындарының 97 пайызы балабақшамен қамтылды. Бұдан соң аймақ басшысына шілде айында қолданысқа берілген демалыс саябағы көрсетілді. «Бәйтерек» пен «Пирамида» композициялары, субұрқақ және шағын архитектуралық мүсіндер жергілікті шеберлердің қолынан туған. 200 шаршы метр жерге кеспе тас төселіп, жайлы орындықтар қойылды. Айналасы жасыл желек сан алуан гүл көшеттеріне толы. Абаттандыру жұмыстарына 7 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалыпты.
Биылдың өзінде ауданның тағы 4 елді мекенінде дәл осындай саябақтар бой көтеріпті. Жұмыс сапарының соңында Серік Біләлов аудандық мәдениет үйінде жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Мұнда 4 үйірме жұмыс істейді. Жаңадан қазақ тілін оқыту кабинеті ашылған. Мәдениет үйінің жанында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен кітапхана жұмыс істейді. Мұндағы әдебиет қоры 43 мың дананы құрайды. Оның 6600 мыңы биыл түскен жаңа оқулықтар.

Жеңіс Ермұқанов