Қоғам

Діни бірлестіктерді қайта тіркеу жұмысы қорытындыланды

 

 

 

Қазанның 25-і “Діни қызмет және діни бірлестіктер” туралы заңға сәйкес өңіріміздегі діни бірлестіктерді тіркеу мерзімі аяқталды. Осы уақытқа дейін өңірдегі 73 діни бірлестіктің 44-і қайта тіркеуден өту туралы өтініш жазыпты. Заң талаптарына жауап беретін 42-сі жұмысын ресімдеп, тиісті құжаттарға ие болды.

 Ерік Есентаев, СҚО әділет департаментінің бөлім бастығы:
-Қайта тіркеуден өту үшін өтініш жазбаған діни бірлестіктердің ісі сот тәртібімен тоқтатылады. Көп жағдайда мұндай ұйымдар заңда көрсетілген талаптарды орындай алмаған көрінеді. Қайта тіркеуден өте алмай қалғандарға филиал ретінде тіркелуге болады.

Жаңа заң қабылданғанға дейін діни бірлестікті құру үшін 10 адамның ғана келісімі қажет болған. Енді оның саны артты. Жергілікті ұйымды құру үшін 50 азамат ниет танытуы шарт. Өңірдегі мешіттер Заң  талаптарын орындап, қайта тіркеуден өтті. Тіпті филиалдардың саны да ұлғайған көрінеді.

 Қадырбек Шәріпов, «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы:
-Әуелде 25 филиал болып тіркелген едік. Қазіргі күнде бізде барлығы 64 филиал болып тіркелді. Құдайға шүкір, мешіттеріміз бұрынғыдай қызметтерін атқарып жатыр. Жұмыс барысында ешқандай қиыншылықтар туған жоқ.

Петропавл және Булаев епархиясы биыл алғаш рет тіркеуден өтіпті. Епископ Гурий бұл өзгерісті қолдайтынын білдірді. Алайда қиындықтарға да жолыққанын жасырмады.

  Гурий, Петропавл және Булаев епархиясының епископы:
Қиындықтар да болды әрине. Әсіресе құжаттармен. Жеке куәліктердің, өзге де құжаттардың көшірмелерін жинау керек болды. Алайда бұл істі тындырдық. Әділет департаментінің мамандары туындаған сұрақтарға жауап беріп, көмектесіп отырды.

Айдана Демесінова