Денсаулық сақтау

Өңірімізде “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асып келеді

 

 

Елімізде азаматтардың денсаулығын сақтау мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Денсаулық сақтау саласын дамыту үшін бірқатар шаралар қолға алынды. Әр облыста салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының орталықтары жұмыс істейді. Біздің облыста мұндай мекеме 15 жыл бұрын құрылған. Орталыққа жүктелген басты міндет – салауатты өмiр салтын уағыздау, түрлі аурулардың алдын алу, азаматтардың зиянды әдеттерден арылуына жағдай жасау.

Лариса Беляева
, Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары  облыстық орталығының директоры:
Біз әдістемелік жұмыстарды ұйымдастырумен айналысамыз. Түрлі баспа материалдарын жарыққа шығарамыз, 150-ден астам аудио және видеоматериал әзірледік. Сондай-ақ түрлі дерттердің алдын алу үшін жасалатын шаралар жөніндегі ақпаратты халыққа жеткіземіз.

1 жыл бұрын қаламызда темекіге қарсы орталық ашылды. Бұл жерге айына шамамен 30-ға жуық жерлесіміз келеді екен. Мамандардың көмегімен біразы теріс әдеттен арылып, салауатты өмір салтын ұстануға бел буыпты. Темекі шегетін адам үшін зиянды заттан бас тарту психологиялық тұрғыдан өте қиын. Сондықтан да темекіге қарсы орталық мамандары осыған көбірек мән береді.

Наталья Канюк, темекіге қарсы күрес орталығының меңгерушісі:
Түрлі тренингтер өткізумен, әңгімелесу арқылы бізге келгендерді толғандырып жүрген мәселелерін білуге тырысамыз. Кейін оның шешу жолын қарастырып, кеңесімізді береміз. Бастысы азаматтың «темекі шегуді тастаймын» деген шын ниеті болу керек.

Жастар денсаулық орталығының көмегіне жүгінетіндердің қатары да аз емес. Мұнда оңалту, сауықтыру жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік-психологиялық, репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша кеңестер беріледі. Бұл жерде спортпен шұғылдануға да жағдай жасалған. Орталық білім беру ордаларымен тығыз қарым-қатынас орнатып, қоян-қолтық жұмыс жасауда.

Зульфия Студенихина, жастар денсаулық орталығының психологы:
Мектептерге, колледждерге барып дәріс оқимыз, тренингтер өткіземіз. Орталыққа шақырамыз. Бізде жеткіншектер психологтың, уролог және гинеколог мамандардың қызметіне жүгіне алады. Барлығы тегін.

2011 жылы тамыздың 8-інде 3-ші қалалық аурухана жанынан амбулаторлық-хирургия орталығы ашылды. Мұнда хирург, эндокринолог, травматолог, гинеколог, ортопед және тіс дәрігерлері азаматтарды қабылдайды. Осылайша емдеу мекемелеріндегі дәрігерлер  жұмысының біраз жеңілдеуіне жол ашты.

 Владимир Хегай, амбулаторлық-хирургия орталығының меңгерушісі:
-1 жылдың ішінде ауқымды іс атқардық, 10 мыңнан астам адамға қол ұшымызды бердік. Біздің мақсатымыз тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетіп, кеңес беру. Өз лабораториямыз бар. Қажетті анализдерді осында да тапсыруға болады.

«Саламатты Қазақстан» бағдарламасы елімізде сәтті жүзеге асып келеді. Ұлттық скринингтік жүйе енгізіліп, 2011 жылы 7 млн-нан астам азамат тексеруден өтті. 1 млн-нан артық қазақстандықтан түрлі дерт анықталып, 600 мыңнан астам тұрғынға уақытылы көмек көрсетілді.

Айдана Демесінова