Қоғам

Облыс орталығында жаңа оқулықтың таныстырылымы өтті

 

 

 

Облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығы жаңа оқулықпен толығып отыр. «Қарапайым қазақ тілі» деп аталатын кітапты Гауһар Темірбаева мен Рахат Әзімбаева жазыпты. Авторлар бұл оқу құралын жарыққа шығару үшін шамамен 8 айдай еңбектеніпті. Сонымен қатар еңбектің электронды нұсқасын жасап шығарған. Оқулықтың 200 данасы жарық көрді.

 Гауһар Темірбаева, СҚО мемлекеттік тілді оқыту орталығының әдіскері:
– «Қарапайым қазақ тілі» оқулығы «Казтесттің» А1 дейгейіне сәйкес жасалып отырған оқулық. Бұл оқулықтың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді үйренуде тыңдаушылардың лексикалық қорын дамыту. Сонымен бірге лексикалық қорды грамматикалық жүйемен байланыстыра отырып, өз ойын айта алу, біреудің айтқанын түсіне білу, пікір таластыру деген сияқты мақсаттар қойылған.

Бүгінгі күні облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығының 88 тобында 1800 азамат қазақ тілін меңгеруде. Солардың бірі – Дарья Калякина. Тыңдаушы жаңа оқу құралымен танысып үлгерген көрінеді.

Дарья Калякина, мемлекеттік тілді оқыту курстарының тыңдаушысы:
-«Қарапайым қазақ тілі» оқулығы қазақ тілін үйретуде сенімді құрал. Үйренушінің лексикалық қорын дамытып, тыңдағанда түсінуге жағдай жасалған. Ол үшін аудиокассетамен жұмыс істейміз.

Сондай-ақ, «Қарапайым қазақ тілі» оқулығының тұсаукесеріне жиылғандар жаңа бағдарламамен танысты. Бұл жоба да халыққа мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған.

 Жанат Мұхамеджанов, СҚО мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры:
-Бүгінгі күні қарапайым тұрғындарға, мемлекеттік қызметшілерге тегін қазақ тілін оқыту курстары ұйымдастырылып отыр. Жағдай жасалған. Оқулықтармен, сөздіктермен, тағы да қосымша әдебиеттермен толық қамтамасыз етілген.

Айдана Демесінова