Қызылжар ауданының тұрғыны Петропавл – Жезқазған тас жолында кезекшілікте тұрған жол полициясы қызметкеріне Қарлыға ауылының маңындағы ағаш ішінде алты жылқының байлаулы тұрғанын хабарлаған. Оқиға орнына жедел тергеу тобы торуыл жасаған. Көп ұзамай сол араға «Фольксваген» көлігі келіп тоқтап, ішінен төрт ер адам мен бір әйел адам шыққан. Олар бірден аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілді. Жауап алу барысында қолға түскендердің үшеуі Петропавл қаласының Жұмысшы кентінен, ал қалған екеуі Петерфельд ауылының тұрғындары екендігі анықталды. Алғашқы екеуі жылқыларды Жамбыл ауданынан ұрлағандарын мойындаған. Ал Петерфельд елді мекенінің тұрғындары болса ұрланған жылқыларды сатып алуға келіскен. Жылқылар Жамбыл ауданының Есперлі ауылынан қазанның 19-ы түнде ұрланыпты. Қазір барымташылардың үшеуі де тергеу абақтысына қамауға алында. Ұрылар таксимен ауылға жақын жерге барып түсіп қалған. Түн ортасында ат қора есігінің құлпын бұзып, өздерімен бірге алып барған жүген мен ертоқымдарын мінетін жылқыларға салып, басқасын ертіп қалаға қарай бет алған. Ұрланған малдарды сатып алатын адамдарды да тауып қойыпты. Бірақ сақшылар олардың арам ойларын іске асыруға тосқауыл қойды.
Әсет Жүкенов, СҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы:
-Облыс аумағында мал ұрлығымен айналысып жүрген Петропавл қаласының 3 тұрғыны ұсталды. Жедел тергеу шаралары барысында бұл малдар Жамбыл ауданы аумағында ұрланғаны белгілі болды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, қазіргі таңда басқа да қылмыстарға қатыстықтары тексерілу үстінде.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің дүние-мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін .
Самат Шаймерденов