Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Сұлтан» өндірісін кеңейтуде

 

 

 

Жыл басынан өңірімізде 36 млрд. теңгенің азық-түлігі шығарылыпты. Аталмыш саладағы өндіріс көлемі былтырғыдан 15 пайызға артқан. Бұл үрдіске “Сұлтан кондитерлік өнімдері” АҚ қосқан үлесі аз емес. Ел нарығында танымал кәсіпорын өткен 9 айда ғана 3 мың тонннаға жуық өз өнімін саудалаған. Сұраныс молынан болғандықтан өндіріске екі бірдей жаңа желіні тағы қоспақшы. Облыс әкімі Серік Біләлов макарон және кондитер  өнімдерінің қос желісін іске қосты. Өңір басшысы  қолданысқа енді ендірілген цехты аралап, өндіріспен танысты. Аймақ басшысы озық үлгідегі бастамаға оң бағасын берді. Кәсіпорынды кеңейтуге түркиялық “Окан Холдинг” компаниясы инвестиция құйыпты.

Бекир Окан, “Окан Холдинг” компаниясының президенті:
– Жаңа цехты заманауи қондырғылармен жабдықтау үшін 7 млн.
АҚШ долларын жұмсадық. Кәсіпорынның орналасқан жері өте тиімді. СҚО астықты өлке. Сондықтан шикізатты алыстан тасудың қажеті жоқ. Болашақта да бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз.

Швейцариялық қондырғы жылына 2 мың тоннадан артық дайын макарон өнімін шығаруға қауқарлы. Ал жаңа пеш 12 айда 3 тоннадан артық вафли пісіруге жарайды екен.

Боранбай Асаев, «Сұлтан» кондитер  өнімдері» АҚ цех бастығы:
– Цехта қатар орналасқан қос желі толықтай автоматтандырылған. Бар үрдісті арнайы бағдарлама енгізілген компьютер арқылы бір-ақ оператор бақылайды.
Олар ауысыммен жұмыс істейді. Бұрын бұл цехта макарон мен вафли өндірілмейтін. Енді тәулігіне 7 тонна макарон және 10 тонна тәтті тағам шығарылатын болды.

Жалпы акционерлік қоғамда 188 адам тұрақты табыс көзімен қамтылған. Жаңа өндіріс тағы 15 адамды қажет етіпті.

Көгершін Асаева, «Сұлтан» кондитер  өнімдері» АҚ қызметкері:
– Жуырда ғана орналастым. Жұмысым өзіме ұнайды. Жаңа қондырғылардың арқасында біраз жеңілдеп қалды. Жалақыны да уақытында беріп тұрады.  

Жаңа тізбектердің іске қосылуымен кәсіпорын ұн өнімдерінің 70 аталымын саудаға шығаратын болды. Биыл өндіріс басшылығы “Бизнестің жол картасы -2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 63 млн теңгенің жеңілдетілген несиесін алыпты. Бұндай қолдаудың арқасында тиген қаржы инфрақұрылымды жаңартуға жұмсалған.

Жеңіс Ермұқанов