ТКШ

Борышкерлермен күрес

 

 

 

Жамбыл көшесі, 274 мекенжайындағы 14-ші пәтерде энергетиктер жарықты екінші рет ажыратқалы жатыр. Бірақ, үй иелері сымды өздері жалғап алады екен және 400 мың теңге болған берешекті қайтаруға асықпайды. Олардың жылу мен жарыққа ақы төлемегендеріне бақандай 5 жыл толыпты.

Игорь Кузнецов, “СК РЭК” АҚ электрмонтері:

-Ол ылғи да жарықты өзі жалғап алады. Үйдің қожайыны қараңғыда көп отырмайды, ертең келейікші, бұның бәрі тағы да қосулы болады.

Энергетиктерге жауапсыз тұтынушылар есікті ақыры ашпай қойды.
Новая көшесі, 124 мекен жайындағы 35-ші пәтердің де тұрғындары монополистерге бірталайдан қарыз. Борышты қайтаруға енді сот орындаушылары араласып отыр. Өйткені, олар жылу мен жарық үшін 8 жыл төлемепті. Берешек бүгінде 370 мың теңгеге жеткен. Пәтер иелерінің сот орындаушылардың келгеніне риза болмайтыны түсінікті, бірақ, сөйте тұра олар департамент өкілдеріне біраз дөрекі сөз айтып салды.

Юлия Башкатова, СҚО сот актілерін орындау жөніндегі департаментінің сот орындаушысы:

-Белгілі бір мекенжайға бірнеше рет шығамыз, бірақ бәрібір есікті ашпайды, жұмыс орнымызға хабарландырумен шақырсақ та келмейді. Олар соттың шешімінен кәдімгідей жалтаруда. Бұл үйдің қожайыны марқұм болған. Сол кемпірдің немересі отбасымен тұрады, мұрагерлік құқығын иеленуге асықпайды.

Міне, осындай рейдтерді энергетиктер аптасына 3 реттен жүргізеді. Бүгінде 11 петропавлдықтың қарызы 3 млн теңгеге жетіп отыр.  Жылдап ақы төлемейтін борышкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады, қызмет ақысын өтемеген жағдайда баспанасы сатылымға қойылуы мүмкін.

Данаш Хамзина