Құқық қорғау органдары

Жыл басынан бері 80 автокөлік ұрланған

 

 

 Ғ. Мүсірепов ауданының тұрғыны дәмханаға ауқаттанып алуға кірген. Біраздан кейін шықса, аулаға қойған жеңіл машинасы жоқ. Ер азамат темір тұлпарынан айрылып қалғаны жөнінде полицейлерге хабарлаған. Тәртіп сақшылары бірден ауданнан шығатын барлық жолдарды жапты. Араға жарты сағат салып, жоғалған көлік табылды.

Қайрат Оразбеков, СҚО ІІД ЖПБ инспекторы:
-Жүргізушінің құжаттары болмай шықты.
Және одан алкагольдің иісі мүңкіп тұрды. Мен бірден жедел тергеу тобын шақырттым.

Біреудің көлігін мініп кеткен 21 жасар азамат араққа сылқия тойып алған. Покровка ауылында тұратын сүйгенін көруге асығыпты. Дәмхананың маңындағы көліктің ішінде кілті қалғанын көзі шалып, ойын жүзеге асырмақ болған. Оның бұл әрекеті діттегеніндей болмай, үстінен қылмыстық іс ашумен тынды. Қазір сезікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Жалпы жыл басынан бөтеннің көлігін қолды етпек болған 80 ұрының жолы кесіліпті.

Жеңіс Ермұқанов