Қоғам

Қариялар арасындағы байқау қорытындыланды

 

 

Бүгінде қалада 36 мыңнан астам зейнеткер болса, соның 467-сі жалғыз басты қариялар екен. Алдыңғы толқын өкілдерін аялап, оларға қамқорлық таныту – біздің міндетіміз дейді шараны ұйымдастырып отырған белсенді жастар.

Лидия Грабарь,  “Basis” үкіметтік емес ұйымы ресурстық орталығы” ҚБ менеджері:

– Шараның мақсаты – қоғамның назарын қарттарға аудару, олардың әлеуметтік ортадағы рөлін арттырып, жалпы өз тарапымыздан көңіл бөлу болып табылады. Бұл байқау дәстүрге айналып отыр.

Жиында бірауыздан “Ең белсенді зейнеткер” атауына “Память” қоғамдық қорының төрағасы Болат Сағындықов лайық делінді. Өйткені ақсақал, 2004 жылдан бері үзеңгілес серіктерімен бірге қыруар жұмыс атқарған. Нақтырақ айтсақ, саяси қуғын-сүргін көрген азаматтар туралы мәлімет жинап, 1 томдық еңбек пен 2 томдық анықтамалық кітап жазыпты. Ал, Красновтар жанұясы – “Ең тату отбасы” номинациясының жеңімпаздары. Ерлі-зайыптының отасқандарына 50 жыл толыпты. Олар өз бақытының сырымен бөлісті.

Нина Краснова:

3 бала өсіріп, 3 немере сүйіп отырмыз. Екеуіміз барлық жерге қол ұстасып бірге барамыз. Бірге жұмыс істедік, саяжайға барарда да бір-бірімізден қалыспаймыз. Өзіміздің ортақ сүйікті ісіміз бар. Ардагерлер хорына қатысамыз.
Владимир Краснов
:

– Барлығы да – менің асыл жарымның еңбегі. Үйдің ұйытқысы – осы адам. Қайғы мен қуанышта да біргеміз. Балаларымыз да әр уақытта жанымыздан табылады.

Сондай-ақ, “Спортшы ардагер”, “Қолданбалы қолөнер шебері” және “Алтын қауырсын” номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды. Оларға диплом мен радиотелефондар табыс етілді. Өзге ардагерлерге де көтермелеу сыйлықтары берілді.

  Данаш Хамзина