Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аймақтық тұрақтандыру қорын қалыптастыру

 

 

 

 

Күн тәртібінде екі мәселе көтерілді. Біріншісі – “Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ-на әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қарызды қайтаруы. Бұл ұйымдар ақшаны аймақтық тұрақтандыру қорын азық-түлікпен толтыру үшін алған болатын. Өткен жылдан бастап 16 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация 17 млрд теңгеге қаржыландырылыпты. Енді берешекті қарашаның 1-не дейін қайтарулары қажет. Әзірге, бюджеттік қаражаттың 9 млрд-ы қайтарылған.

Солтүстік Қазақстан облысы 2011 жылы 1 млрд 123 млн теңге алған екен. “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бюджетке соның 609 млн теңгесін беріпті. Өңір жетекшісі Үкіметтен қарызды қайтару уақытын сәл шегере тұруды сұрады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

Қарыздың көлемі – 545 млн теңге. Ол тұрақтандыру қорындағы тауарларды жүзеге асырған жағдайда жабылады. Біз қазір тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңызды деген 8 тауар түрінің 4 мың тоннасын салған болатынбыз. Енді, 3 640 тоннасы қалды. Борышты жабудың уақытын ұзартсаңыздар.

Екінші мәселе – мемлекеттік астық қорын қалыптастыру. Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысы шаруалардан бидайдың 60 мың тоннасын сатып алуы керек. Серік Біләлов желтоқсанның 1-не дейін жоспар толығымен жүзеге асатынын айтты. Республикалық селектордан соң Серік Біләлов аудан әкімдеріне тапсырма берді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Өңірде бидай мен ұнның мол қорын сақтап отыратын ірі диірмендер мен тауарөндірушілер бар. Егер кейбір жерлерде бағаның көтерілгені байқалған жағдайда бірден тұрақтандыру бойынша әрекет жасаңыздар. Сондай-ақ, мемлекеттік астық қорын толтыру бойынша да жұмысты жылдамдату қажет.

Данаш Хамзина