Қоғам

Әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтті

 

 Әлеуметтік қорғау саласы жыл сайын дамып келеді. Оған бөлінетін қаражат та қомақты. Биыл бұл сома 4 млрд теңгені құрапты. Яғни, өткен жылғыдан 11 пайызға артық. Соның есебінен халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған мемлекеттік бағдарламалар да қарқын алуда. Бұл жүйеде облыс бойынша 2 мыңнан астам маман қызмет етуде. Оларды кәсіби мерекелерімен облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Елбасымыз өз жолдауында маңызды міндеттердің бірі – әлеуметтік саланы жаңғырту екенін атап өткен еді. Осындай мерекелі күнде еңбектеріңізге ризашылық білдіре отырып, сіздерге зор денсаулық, қызметтеріңізге табыс тілеймін.

Әлеуметтік қызметкерлерден көмекке мұқтаж жандар әрдайым қамқорлықты күтеді. Қазіргі таңда өңірімізде 13 аудандық және 1 қалалық жұмыспен қамту орталықтары жұмыс істеуде. Ең білікті дегендеріне облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды. «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісі әр қызметкер үшін мәртебелі сыйлық. Бұл марапатқа 3 қызметкер ие болды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің құрмет грамоталары да өз иелерін тапты. Ал әлеуметтік қорғау жүйесінің 5 мекемесіне автокөлік кілттері бұйырды.

Әлима Мұхамедьярова, Уәлиханов ауданының жұмыспен қамту орталығының директоры
Біздің орталықтың жұмысын одан әрі жақсарту үшін берілген көлік үшін алғысымды білдіремін. Аянбай, мұқтаж адамдардың игілігі үшін еңбек атқарамыз.

Салтанатты шараны мерекелік концерт жалғастырды.

Инеш Шоқақова