Білім

Лицей күні үздіктер анықталды

 

 

№1 жалпы білім беретін лицей оқушыларды білім нәрімен сусындатқанына биыл  21 жыл. Осы уақыт аралығында білім ошағының ұстаздары мен оқушыларының бағындырған жетістіктері аз емес. Лицей елдегі 100 үздік мектеп қатарында.

Елена Коноплева,  №1 лицейдің директоры:
– Біздің лицей математикалық-жаратылыстану бағытында терең білім береді. Дегенмен гуманитарлық пәндерге де көп назар бөлеміз. Оқушыларымыз түрлі олимпиадаларда өз білімдерін дәлелдеуде. Биыл үздік көрінгендерді марапаттап, өткен жылға қорытынды жасаймыз.

Екі ғасыр бойы аталып өтетін лицей күнінің маңызы қазір де ерекше. Бұған №1 лицей ұжымының мерекеге зор жауапкершілікпен әзірленуі дәлел. Дәл осы күні білім орадасындағы ең үздік оқушының есімі белгілі болады. Бұл лицеист үшін ең үлкен мәртебе, дәрежелі атақ. Биыл оқушылар мен ұстаздардың ең көп дауысына 11-сынып оқушысы Алмас Зияев ие болды.

Алмас Зияев, №1 лицей оқушысы:
Мен математика және физика пәндерін ұнатамын. Түрлі олимпиадаларға қатысамын. Жүлдегер атандым.

Лицей оқушыларының облыстық, республикалық байқауларда жоғары орындарға қол жеткізуі ұстаз еңбегінің нәтижесі. Ирина Кистенёваның білім ордасында ұстаздық еткеніне 12 жылдан асыпты. Заман өзгергенмен, лицеистерге қойылар талап сол қалпы дейді ол.

Ирина Кистенёва,  № 1 лицейдің математика пәні мұғалімі:
– Біз ел болашағын тәрбиелейміз. Сондықтан лицеистердің келешекте мықты маман болулары үшін аянбауымыз қажет. Осы оқу жылында 21-ші рет лицей түлектері үлкен өмірге жолдама алмақ.

Қазіргі уақытта білім ордасының мыңдаған түлектері  түрлі салаларда  жемісті жұмыс атқаруда.

Инеш Шоқақова