Мұндай ұлтаралық достықты айшықтайтын байқауларды ұйымдастыруды №17 орта мектеп дәстүрге айналдырған. Бүгін де білім ұясында ерекше мектепішілік мереке болды. Түрлі нақыштағы ұлттық киім киген оқушылар мың бұралып би биледі, тек өз тілдерінде ғана емес өзге тілде де ән шырқады. Орыс қыздары Алина Сосина мен Александра Петрованың кәріс тілін үйреніп жүргендеріне 1 жыл болыпты. Бүгін олар махаббат туралы ән айтты. Мектеп түлегі Ахмед Дудаев балаларға шешен халқының “Лезгинка” биін үйретеді екен. Қазақстанға 2 жасында көшіп келген Ахмед қазақ еліндегі бірлікті қадір тұтамын дейді. Өз өнерін көрстеуде әзірбайжандар да қалыс қалған жоқ. Олар “Наурыз” мерекесін бар сән-салтанатымен бейнеледі.
Севда Тагиева, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:
– Мысалы, Наурыз мейрамында біздің жігіттер көршілерді бас киімін шешіп аралайды. Олар қонақтардың папахасына тәтті-дәмді салып берулері тиіс.
Жалпы, шараға 9 ұлттық бөлімнің 100-ге жақын өкілі қатысты.
Данаш Хамзина