Билік

Серік Әбденов Киров атындағы зауытта болды

Бүгінде зауыт Қазақстанда баламасы жоқ сандық телеарнаның спутниктік қабылдағыштарын шығару жұмысын қолға алған. Осының арқасында өндіріс көлемі ұлғайтылып, жаңадан жұмыс орындары ашылды.

 Дәурен Әбілмәжінов, Киров атындағы зауыттың өткізу және маркетинг департаментінің директоры:
– Сандық телеарна жабдығын өндіру үшін қосымша 72 адамды жұмысқа алдық. Болашақта өндіріс көлемін арттыру
жоспарда бар. Онда тағы жаңа жұмыс күші қажет болады. Қытайлық “Цзи янг” компаниясымен келісімге тұрдық. Олар бізге 3 млн АҚШ доларының радиоқабылдағыштарына тапсырыс берді.

Жалпы кәсіпорында 752 адам түрақты табыс көзімен қамтылыпты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов зауыттағы еңбек адамының жағдайын көрді. Ауылдық жерлерден келген азаматтарға жатақхана салынған. Қазір онда 26 жанұя тұрып жатыр.
Дөңгелек үстел аясында өрбіген әңгіме барысында Серік Әбденов еңбек өнімділігін арттыру үшін алдымен өндірісті жетілдіру керектігін алға тартты. Министрдің айтуынша зауытты жаңарту жағына тиісінше көңіл аударылып жатқан жоқ.

Серік Әбденов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
-Бүгін сіздердің жұмысшыларыңыз өндіріс жабдықтары жаңартылмайтынын айтты. Заманауи құралдар өндіріс көлемін арттырумен қатар өнім сапасын жақсартуға септеседі. Сондықтан бұл маңызды шаруаны насарсыз қалдырмау керек.  

Сондай-ақ зауыттықтармен тілдесу барысында ведомство басшысы жолдауда еңбек адамын қорғауға үлкен мән берілгенін атап өтті.
Кейін Серік Әбденов жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру орталығына соқты. “Жұмыспен қамту -2020” бағдарламасы іске қосылғалы 1900 солтүстікқазақстандық еңбекке тартылыпты. 306 колледж түлегі жастар тәжірибесінен өткен. Оның 40-ы жұмысқа тұрды. Өзгелері берген мүмкіндікті пайдаланып қалуға ынта танытпаған көрінеді. Арнайы терминалда жұмыс іздеушіге қажетті барлық ақпарат бар. Бос жұмыс орындары тізілген жаңашылдық облыс орталығының 5 ауданында орнатылған. Серік Әбденов орталыққа көмек сұрай келген петропавлдықтармен де тілдесті. Біршамасы жаңа кәсіпті меңгергілері келетіндерін айтты.
  Көпсалалы құрылғылар зауыты да еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің назарынан тыс қалмады. Биыл кәсіпорында 4 жұмыссыз жаңа мамандықтың қыр-сырын меңгерген. Жалпы өндіріс ошағында 176 адам еңбек етеді. Зауыттықтар министрге өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

Жеңіс Ермұқанов