Ауыл шаруашылығы

Аққайың ауданына 400-ден астам асыл тұқымды мал әкелінді

 

 

 

Әзірге, австриялық ірі қаралар қалқада тұр. Өйткені олардың барлығын ветеринар-дәрігерлер тексеріп жатыр. Мұнда сиырлардың күтімін бір топ мамандар бригадасы бақылайды.

Виктор Лыга, “Полтавское” ЖШС тауарлы сүт фермасының бригадирі, Аққайың ауданы:

-Күніне екі рет тамақтандырылады. Жем-шөпті талғамай, тұтас жейді. Шөп пен сабам береміз. Ауа райы жағдайына үйреніп алды. Австриядан мал дәрігерін шақырған болатынбыз, ол күтіп-баптаудың қыр-сырына үйретіп кетті.

Бірнеше күннен кейін жоғары өнімді симментал тұқымды жануарлар мал өсірілетін кешенге жіберіледі. Айта кету керек, серіктестік ферманы биыл 60 млн теңге жұмсап жөндеп алған екен. Бір үлкен қора 250 сиырға шақталған. Шетелдік жануарлардың қыста жылы әрі жайлы жерде тұруы үшін де бар жағдай жасалыпты. Бұл күндізгі жарықтандыру, желдету, орталықтандырылған су жүйесі және германдық сүт сауу жүйесі. Сондай-ақ, мұнда кәдімгі ағаш еден емес, заманауи резеңке төсеніш төселген. Ал, оның құны – 3 млн теңге. Ірі қаралар Австриядан қыркүйек айында жеткізілген болатын. Серіктестік мұндай ауқымды жоспарын «Мал шаруашылығын дамыту» мемлекеттік  бағдарламасы аясында іске асырып отыр. Қаражатты “ҚазАгроФинанс” АҚ алыпты. Сонда 400 сиырдың құны – 228 млн теңге. Тағы 22 симменталды шаруашылық өз қаржысына алған. Аққайың ауданында мал шаруашылығымен 8 серіктестік айналысады. Бүгінде олардың барлығы қысқа жететін жем-шөп қорын әзірлеп қойған.

Бауыржан Әкішев, Аққайың аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бас ветеринар дәрігері:

-Біздің ауданда мал өсірумен «Полтавскоедан» өзге, «СОС», «Салют», «Астраханское», «Дайындық», «Черкасское» серіктестіктері мен «Леонов» шаруа қожалығы айналысады. Соңғысы да жуырда 300 бас симментал малын әкелді.

Аққайың ауданында етті және сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал  басы 16 мыңнан асады.

Данаш Хамзина