Қылмыс

Ақмолалық барымташылар ұсталды


 

Шоқтыкөл ауылының тұрғындары бір түнде барлық малдан айырылып қалды. Ұрылар 1 жылқы, 30 сиыр және 28 қойды қолды еткен. 55 жастағы малшының сөзіне қарағанда ол малды ауылдан жеті шақырым жерде орналасқан жазғы қашаға қамап, өзі күзетшінің үйшігінде болған. Түн ортасында оған бейтаныс төрт ер адам келген. Түнгі қонақтар малшыға арақ беріп, өзін Ақмола облысының Есіл қаласына әкеліп, тастап кетеді. Ауылына оралған малшы санын соғады. Қамап кеткен малы орнында болмай шыққан.  Ауыл тұрғындары полицияға арыз жазады. Көп кешікпей тәртіп сақшылары Ақмола облысының 32 және 27 жастағы үш тұрғынын ұстады. Ұрланған малдың бір бөлігі табылып, иелеріне қайтарылды. Бір жылқы және отыз сиыр Шоқтыкөл ауылынан 60 шақырым жерде ағаш арасынан табылды. Ұсталған барымташылардың үшеуі де тонауға қатыстықтарын мойындап, олармен бірге тағы төрт адамның болғанын айтқан. Олар қылмыс жасалған түні мал тұрған жазғы қашаға екі жеңіл автомашинамен және «Газель» көлігімен келген. Төртеуі малшыны алдастырып  жатқанда, қалғандары қойларды «Газель» көлігіне артқан. Кейін олардың біреуі малшының жылқысына салт мініп, сиырларды Ақмола облысына қарай айдап әкеткен. Қазіргі кезде полиция қызметкерлері 28 бас қойды және ұсталғандардың сыбайластарын іздестіру үстінде. Ал қолға түскен үш сезікті уақытша ұстау абақтысына қамауға алынып, бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Александр Павелко, СҚО ІІД Криминалдық полиция басқармасының қызметкері:

-Көбіне ауыл шетінде қараусыз бос жүрген мал ұрланады. Осы күз уақытында мал ұрлықтары жиі тіркеледі. Сондықтан мал иелері күзетті күшейтіп, мүлкіне сақтықпен қарағандары абзал.

Дана Ғизатова