Ауыл шаруашылығы

Солтүстік Қазақстан облысында дәнді дақылдарды жинау аяқталды


 

Республикада 15 млн га аумақтың астығы бастырылған. Бұл барлық көлемнің 99 пайызы. Биыл бір гектардың берекелігі 9,6 центнерді құрап отыр.Енді қант қызылшасы, күріш пен жүгеріні жинау ғана қалды деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрі. Өткен жаз құрғақ болды. Сол себептен кейбір аймақтардың диқандары шығынға батқан. Селекторлық кеңес барысында оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету туралы айтылды. Бүгінге дейін шығынға батқан аграрийлерге 404 млн теңгенің сақтандыру төлемдері жасалыпты. Негізінен, Қостанай, Ақмола, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында біраз аумақ құрғап қалса, Қостанай, Ақтөбе және Павлодар өңірлеріне көктемге тұқым жетпей жатыр.
Селекторлық отырыста “Сыбаға” бағдарламасының іске асуы туралы да мәселе көтеріліп, мемлекеттік жобаға жергілікті жерлерде билік тарапынан бақылау жеткіліксіз делінді.
Үкіметтегілер бұдан кейін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының дамуына тоқталып өтті. Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев аталған ұйымдардың қызметіндегі кемшін тұстарды көрсетіп, оларды дамытудың концепциясын ұсынды.
Селекторлық байланыс үзілген соң облыс әкімі Серік Біләлов өңірдегі орақ барысын сұрады.

  Димаш Таласпаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

-Бір гектардың берекелігі 6,1 центнерді құрады. Әлі 34 мың гектар рапс қалды. Зығырдың 40 мың гектарын жинауымыз қажет. Күнбағысты ору барысында қиындықтар туындауы мүмкін, өйткені аталған дақылды суық түскенде ғана жинау керек.

Ал, “Сыбаға” бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысы үшінші орында. Серік Біләлов бұл бағытта жедел қимылдауды тапсырып, “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын дамытуға қатысты міндеттерді белгіледі.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Қазан айы бойы ұсыныстарыңызды білдіріңіздер. Бұның барлығын “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын дамыту барысында ескереміз.

Данаш Хамзина