Энергетика

Инвестициялық бағдарлама бойынша энергетикалық жабдықтар жаңартылуда



 

Косогор шағын ауданындағы электр тасымалдаушы әуе желілерінің сымдары жаңасына ауыстырылды. Жаңа сымдар желідегі жөндеу жұмыстарын тез әрі сапалы жасауға мүмкіндік беріп, энергияны үнемдейді. Финляндиядан әкелінген бұл жабдық жергілікті ауа райына қолайлы, дейді энергетиктер. Көбіне жеке тұрғын үй секторындағы электр сымдар ауыстырылуда. Мұның өз себебі бар екен.

 Виталий Фесько, «Солтүстік Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ бас инженері:
-Жеке тұрғын үй секторында энергияны шамадан тыс көп пайдалану фактілері анықталған. Яғни мұндай жерлерде электр энергиясын ұрлау мүмкіндігі зор. Мұны тоқтату үшін сымдарды жаңасына ауыстырдық. Бұл энергияны 10-15 пайызға үнемдеуге жол ашатын болады.

Сондай-ақ инвестициялық бағдарлама аясында трансформаторлық қосалқы станциялар да жөнделіп, жаңартылуда. 60-70 жж орнатылған қосалқы станциялардың әбден тозығы жеткен. Ағымдағы жылы бағдарлама шеңберінде облыс орталығындағы мұндай 4 трансформатор жаңасына алмастырылыпты. Тағы 100 қосалқы станцияны ауыстыру қажет. Бұл жабдықтың құны – 2,5-3 млн теңге шамасында.

Виталий Фесько, «Солтүстік Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ бас инженері:
-Ескі қосалқы станциялар қызметкерлеріміздің өміріне де қауіп төндірген. Сондықтан құрылғыларды ауыстыру шешіміне келдік. Ендігі жылы да жабдықтарды жаңартуды көздеп отырмыз. Бұл тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін жасалып отыр.  

Құрылғыларды жаңғырту және жөндеу жұмыстарына энергетиктер мамыр айында кірісіпті. Бүгінгі күнге дейін жұмыстың 80-90 пайызы еңсерілген. Барлық шаруаны қараша айының біріне дейін аяқтаймыз дейді мамандар.

Айдана Демесінова