Қоғам

Еңбек – әлеуметтік жаңғыртудың басты ұлттық факторы



 

Елбасы “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” мақаласында елдің жаңа дамуының концепциясын көрсетті. Мұнда еңбек басты орынға қойылып отыр. Яғни, жалықпай тірлік етсе, бәсекеге қабілеттілік өсіп, халықтың әл-ауқаты артады делінген. Облыс әкімі Серік Біләлов бұл үшін бізде барлық мүмкіндік бар дейді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Бүгінде еліміздің экономикасы мықты, саяси тұрақты және халықаралық беделі де биік. Президент біреудің есебінен күн көру дағдарысқа соқтырады дейді. Мемлекет басшысы бізге әлеуметтік-экономикалық жаңғырту бойынша маңызды міндеттер қойып отыр. Біз қоғамды индустриалды-инновациялық жағдайда өмір сүруге дайындауымыз қажет.

Ғылыми-практикалық конференцияға арнайы келген ресейлік қонақ – профессор, экономика ғылымдарының докторы Анатолий Спицын Қазақстанды алға жетелеп, сарабдал саясат жүргізіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың дара тұлға екеніне тоқталды.

Анатолий Спицын, Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті:
– Нұрсұлтан Назарбаев – сөзсіз көшбасшы. Өзге мемлекет басшыларының арасында беделі зор, оның кеңесіне құлақ асады. Ол осы құжатында халқының мұқтаждықтарын нақты көрсете білген.

Конференцияға қатысушылар бағдарламада айқындалған міндеттерді іске асыру үшін мықты ғылыми негіз қажет деді. “Парасат” ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі” АҚ басқарма төрағасы Нұралы Бектұрғанов өз баяндамасында қолға алынып жатқан бірқатар жаңа жобалар туралы әңгімелесе, Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов жастарға патриоттық тәрбие берудің аса маңыздылығын атап өтті. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Серік Біләлов жаңа қазақстандық бағытты жүзеге асыру үшін ең алдымен ауқымды жұмысты ауылдан бастаймыз деді.

Данаш Хамзина