ТКШ

Кәсіпкер тұрғындарды жөртөлеге жолатпай отыр

 

 

Әуезов көшесі, 167 үйдің  үшінші және төртінші подъезд тұрғындары қазанның төртінен бері жарықсыз қалды. Оған жертөледегі электр сымдардың бірінің зақымдануы себеп болуы мүмкін дейді пәтер иелері. Бірақ бұл болжамды анықтау қиынға түскен. Өйткені жертөлеге кіруге тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан “Гастрономның ” иесі Владимир Егорочкин рұқсат бермей отырған көрінеді.

 Николай Козлов, Әуезов көшесі, 167-үйдің тұрғыны:
– Істен шыққан кабельді жөндейік десек, ол бізді жертөлеге жібермей отыр. Өйткені үйдің қосалқы бекеті екінші подъезде орналасқан. Мән-жайды анықтауға келген энергетиктер алдымен электр сымдарын көру керек дейді. Ал оны көру үшін жертөлеге кіргізбейді.

Құжаттар бойынша расында да үйдің жертөлесі дүкен иесінің заңды меншігі. Алайда тұрғындардың айтуынша,  оның 400 шаршы метрі пәтер иелеріне тиесілі.

 Николай Козлов, Әуезов көшесі, 167-үйдің тұрғыны:
-Біз оның тиісті аумаққа құқығы бар екенін дәлелдейтін құжатты сұрағанымызда, бір қағазды алып шығып, оны тұрғындардың біреуіне ғана көрсеткен. Онда сауда орны 900 шаршы метрді алса, онымен қоса жертөле де соның иелігінде екендігі көрсетілген. Жалпы алғанда 1400 шаршы аумақ Егорочкинге тиесілі. Сонда қалған 400 шаршы метр қайда? Я
ғни ол тұрғындарға тиесілі. Бізге бар болғаны жертөлеге кіріп, қай жерде ақау шыққанын көріп, жөндеу жүргізу ғана керек.

Жөндеу жұмыстары жарты, әрі кетсе бір сағат уақытты ғана алады дейді тұрғындар.  Тұрғындар шағым айтып, бірталай мекеменің табалдырығын тоздырыпты.

 Галина Терещенко, зейнеткер:
– Біз сенім телефонына хабарласып, болған жайды айттық. Олар келіп, барлық жағдайды біліп, дүйсенбі күні бәрін анықтаймыз деді. Тәртіп сақшыларын да шақырдық, жеке меншік болғаннан кейін баса-көктеп кіруге құқығымыз жоқ деп олар кетті. Прокуратураға хат жаздық, әкімге, «Нұр Отанға» бардық. Еш нәтижесіз.

Жарықтың жоқтығынан  28 пәтер зардап шегіп отыр. Әсіресе, науқас адамдар мен оқушыларға қиын. Осыдан 10 күн бұрын немерелі болған Рауза Сейітбаева да мұндай жағдайға наразы.

 Рауза Сейітбаева, зейнеткер:
-Жарықтың болмауына байланысты, етімізді, майымызды басқа үйлерге апардық туыстарымызға. Сол сияқты кішкентай нәрестеміз бар жаңа туған. Сол нәрестемізді не шомылдыра алмаймыз, жарық жоқ, қараңғыда отырмыз осылай.

1 апта бойы жарықсыз отырған үй тұрғындары мәселені шешу үшін мемлекеттік органдарға да барыпты. Алайда кәсіпкер тұрғын үй инспекциясының қызметкерлерімен де кездесуді қаламады.
 
Қанат Баймұхамбетов, «Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімі» МКМ бастығы:
– Тұрғын үй инспекциясы тұрғындар мен учаскелік қызметкердің көзінше акт толтырды. Иесінің келісімінсіз есікті ашатын боламыз. Өйткені баспана апаттық жағдайда, қандай да бір шара қолдану қажет.
Аталмыш құжатты мемлекеттік органдарға жібереміз.

Бұл кәсіпкердің қызметін тексеруге жол ашпақ. Адамдармен кездесіп, сөйлесудің өзін жөн деп таппаған кәсіпкер заңсыз іспен айналысуы да мүмкін.

Қанат Баймұхамбетов, «Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімі» МКМ бастығы:
Жертөле кәсіпкердің жеке меншігі болса да, жылу мен жарық ортақ. Жертөледен өтетін жүйенің тұрғындарға да қатысы бар. Бірақ кейбір кәсіпкерлер мұны түсіне бермейтін көрінеді.

Владимир Егорочкинге біз де хабарласып көрдік. Алайда одан осыған дейін естіген жауапты алдық.

Владимир Егорочкинмен телефон арқылы сөйлесу:
-Бұл менің жеке меншігім. Сіздер заңды бұздыңыздар.

-Біз тұрғындармен бірге кірдік, жертөленің бір бөлігі солардікі ғой.

-Онда олардың бөлігі жоқ, бұл жертөле толығымен  менікі. Тұрғындардың онда кіруге құқылары жоқ, бұл шын мәнінде менің пәтерім.

-Сонда тұрғындар электр сымдарын қалай жөндейді?

-Сырт жағында 4 шахта бар, Сіздер қателік жасадыңыздар, ол үшін жауап бересіздер.

Бізді жауапқа тартпақ болған кәсіпкердің ісі қалай аяқталатыны белгісіз. Дегенмен тұрғындар үшін үйлерінде жарықтың пайда болуы маңыздырақ.

Инеш Шоқақова