Қоғам

Жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр

 

80 пәтерлі үйдің құрылысын «Основание» ЖШС мамыр айында бастады. 5 қабатты үйдің іргесін қалау үшін 45 адам жұмылдырылыпты. Нысан 2013 жылдың мамыр айында қолданысқа берілуі тиіс. Сондықтан құрылысшылар жылы күндерді пайдаланып, жұмысқа қарқын беруде.

Вадим Шафеев, «Основание» ЖШС учаске шебері:
Құрылыс материалдары жеткілікті. Сондықтан қиындықтар туындап жатқан жоқ. Күн суымай тұрып, барынша көбірек жұмысты аяқтау керек. Бұл ретте қолымыздан келгенін жасап жатырмыз.

Ертеңнен бастап бұл құрылыс нысанында сылақшылар да өз жұмысын бастамақ. Әзірге олар дайындалып,  жоспар құруда. Валентина Михальскаяның құрылыс саласында еңбектеніп жатқанына биыл 42 жыл. Соңғы 7 жыл «Основание» ЖШС-де сылақшылар тобының бригадирі. Жұмыс қиын болғанымен, өзіме ұнайды дейді ол.

Валентина Михальская, «Основание» ЖШС бригадирі:
Қыста жұмыс істеу ауыр. Өйткені суық болады. Ызғарлы күндері көбіне үйде отырамыз. Үйреніп алдым. Сондықтан да зейнетке шыққанға дейін осы салада қызмет етемін.

Сылақшылар бригадасында 12 адам жұмыс істейді. Оның сегізі нәзік жандылар. Өмірін осындай қиын мамандықтармен байланыстырғандардың бірі – Ирина Ибрагимова.

Ирина Ибрагимова, «Основание» ЖШС сылақшысы:
-Барлық жұмыстар аяқталып, баспанаға азаматтар көшіп келгенде олардың бақытты жүздерін көрсем қуанамын.
Өйткені халықтың игілігі үшін біз де тер төккенімізді сезінемін. Серіктестікте менің күйеуім мен қызым да жұмыс істейді.

Жалпы серіктестік 4 нысанның құрылысымен айналысуда. 2 үйді осы жылы, ал қалған екеуін келесі жылы қолданысқа тапсыруды көздеп отыр.

Айдана Демесінова