Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір тұрғындарының коммуналдық қызмет үшін қарызы 202 млн теңгеге жеткен



 

 

Коммуналдық қызмет ақысы үшін қарыз жетіп артылады. Қазір жылыту маусымы басталды. Енді, берешектің көлемі одан бетер өспек. Бұны болдыртпау үшін жиында барлық амалдар қарастырылды. Заңды тұлғаларға қарағанда көбінесе, тұрғындар ақы төлемейді екен. Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Антон Федяев борышкерлермен күресіп-ақ жатырмыз, бірақ қарыз бұнымен таусылар емес дейді.

Антон Федяев, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы: – “Есіл су” кәсіпорнының аудандардағы дебиторлық қарызы 9,1 млн теңге. Алашақ Ақжар мен Шал ақын аудандарында өте жоғары. Әрбіреуінде 3 млн теңгеден асады. Мамлюттіктер 990 мың теңге беруілері тиіс.

Айтылғанның барлығы 2 айдан артық өтелмеген төлемақы. Сондай-ақ, “Қызылжар су” кәсіпорнына тұрғындар 8,5 млн теңге, «Горгаз» қызметіне 23 млн теңге қарыз. Берешектің ең көбі “Энергосбыт” кәсіпорнында. Мұнда берешек көлемі 160 млн теңгеге жеткен. Соңғы аталған серіктестіктің директоры Мағауия Сағындықов борышкерлерді электр энергиясынан ажырата аламыз, бірақ жылудан бөлуге жағдай келмейді дейді. Ал петропавлдықтардың коммуналдық қызметке берешегі 155,8 млн теңгені құрады.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

– Қалалықтар электр энергиясы үшін 55,8 млн теңге төлемеген. Жылуға 73 млн, суға 9 млн-ға жақын, кәріздік жүйенің қызметіне 6 млн теңге, ал газ үшін 20 млн теңгеден астам қарыз болып отыр.

Облыс әкімі Серік Біләлов аталған мәселені жыл соңына дейін жеткізбей тиянақтауды тапсырды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Қала әкіміне борышты өтеу бойынша іс-шаралар кешенін әзірлеуді жүктеймін. Аудан әкімдеріне “Есіл су” кәсіпорнының қарызын жабу жөнінде кесте даярлауды тапсырамын. Кәсіпорын басшылары да борышты қайтару үшін іс-әрекет жасаңыздар. Бұл жұмысқа тәртіп сақшыларын, мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерін, қажет болса, сот орындаушыларды да тартыңыздар.

Сондай-ақ, облыс әкімі Серік Біләловтің нұсқауымен борышкерлердің аты-жөндері жергілікті баспасөзде жарияланбақ. Бұл мәселе бойынша кезекті селектор келесі айда өткізіліп, атқарылған жұмыс сарапталатын болады.

Данаш Хамзина