Қоғам

Солтүстікқазақстандықтар іскер әйелдердің Дүниежүзілік Конгресіне қатысты


 

Нәзіктік пен жігерлік, мейірімділік пен ақылдылық әйел   бойына дарыған ерекше қасиеттердің бір бөлігі ғана. Жан-жақты қыз-келіншектердің қолынан келмейтіні жоқ екенін дәлелдеп жүргендердің бірі депутат, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы әрі кәсіпкер Бақытжан Сәмиева. Көздегені өңіріміздің алғыр да шығармашыл азаматшаларының тың ойларын, жаңашылдықтарын кеңінен насихаттау. Осының қамында Германияда 34 елдің іскер әйелдері бас қосқан Конгреске қатысып келіпті.

Бақытжан Сәмиева, СҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихат депутаты:
– Конгреске барған ойымыз бір-бірімізді танып, бірге жұмыс істеп, бір-бірімізді қолдау. Германияда  бизнестегі әйелдердің жасы 60-70-те, таңғалдық. Мақсатымыз біздің де апалар солай болса екен.
  

Әлемдік жиын Солтүстік Қазақстан жерінде кәсібін дөңгелетіп жүргендерге жемісті болды. Өзара әріптестік жөнінде біршама келіссөздер жасалынған.

Бақытжан Сәмиева, СҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихат депутаты:
– Преснякова фармацевтикамен айналысады. Сол кісі келісім жасады. Ауылшаруашылық жерлеріңіз болса, біз элеватор, наубайхана салар едік деген ойлары бар. Біздің облысқа инвестиция әкелуге мүмкіндігіміз бар.  

Қазақстандық делегация неміс жерінде еліміз гендерлік саясат заңын қабылдаған тұңғыш мемлекет екенін айтып мақтана алған. Әлем санақшыларының мәліметтеріне сүйенсек, лауазымды қызметтер мен бар мүліктің 99 пайызы ер адамдардың қолында екен. Үй шаруашылығының 3/2-н ошақ басындағы нәзік жандылар атқарады.

Бақытжан Сәмиева, СҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихат депутаты:
Біздің әйелдер қорықпау керек. Елімізде әйелдерді қорғайтын заң бар. Германияда ондай заң жоқ. Канцлер әйел жоқтығы таңқалдырды. Оларда 2013 жылы қабылданатын болады. Бізде 2009 жылы қабылданды. Гендерлік саясат бағытында біз үлкен жұмыс істедік.  

Елімізде жанұя ұйытқысы, үйдің көркі болумен қатар заман талабына сай саясат пен бизнеске білек сыбана кіріскендердің үлесі басым екен. Бүгінде республикадағы шағын және орта бизнестің 40 пайызын іскер әйелдер басқарады. Өңірлік мәслихаттарда нәзік жанды халық қалаулыларының үлесі 26 пайызға жетіпті. Облысымызда өз кәсібінің тізгінін ұстап жүрген азаматшалар да жоқ емес. Дегенмен әзірге өзін-өзі еңбекпен қамтыған табысты жандардың тек 5 пайызын құрайды.

Жеңіс Ермұқанов