Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі ғасыр жасаған қарттарды құттықтады

 

Матрена Бондарева Ресейдің тумасы, 15 жасында СҚО-на келген. Осында шаңырақ көтеріп, 3 бала тәрбиелеген. Қария ҰОС кезінде қырманда еңбектеніпті. Бейбіт күндері де қол қусырып отырмаған. Зейнеткер 40 жыл бойы ет комбинатында қызмет етіпті.

Матрена Бондарева, тыл еңбеккері:

 


Ет комбинатына барғанда маған бірден станокты көрсетті. Оның жұмысымен таныс болмасам да, келесі күні соның басында тұрдым. Қиын болса да, ақырындап үйрендім.

Биыл Матрена Бондарева 100-ге толыпты. Мерейтойды отбасылық дастарханда атап өткен. Бір ғасыр жасаған қарияға балалары мен немерелері әрдайым ақыл сұрай келетін көрінеді.  

Татьяна Петрова, қызы
:
Анамыз ешқашан үйде отырған адам емес. Әрдайым біз үшін аянбай еңбектенетін. Біз де оны сыйлаймыз, мақтан тұтамыз.

Серік Біләлов ардагерге гүл шоғы мен теледидар сыйға тартты.

Матрена Бондарева, тыл еңбеккері:
– Менің жасыма келіңіздер, менен де ұзақ өмір сүріңіздер.

Сондай-ақ облыс әкімі Күлдаш Мүсәпірованы да құттықтап, қуантты. Биыл зейнеткер 102 жасқа толған. 6 қыз бен 3 ұлдың анасы өз ғұмырын тек балаларына арнапты. Қазіргі таңда қанша немерелерім мен шөберелерімнің бар екенін санап болу мүмкін емес дейді қария.

Күлдаш Мүсәпірова, зейнеткер:
– Қазір кіші қызыммен бірге тұрамын. Қамқорлықтарыңыз үшін алғысымды білдіремен.

Өңір жетекшісі ақ жаулықты қарияға зор денсаулық тіледі. Ал қамқорлық көрсету – кейінгі ұрпақтың міндеті екенін атап өтті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Қарттар мен мүгедектер айлығының жүріп жатқанын білесіз. Шара аясында сізді мерекемен құттықтауды жөн көрдік. Сізге зор денсаулық тілейміз.


Қазір Күлдаш Мүсәпірова – жақсылық пен даналықтың үлгісі. Әлі күнге дейін жан жылуын балалары мен немерелеріне сыйлауда.

Ерсайын Дүйсембеков, немересі:
– Барша қарияларды мерекемен құттықтаймын. Денсаулық және ұзақ өмір тілеймін. Өзімнің де әжем сияқты 100 жыл жасағым келеді.

Зейнеткерге гүлдер мен кір жуу машинасы сыйға тартылды.

Инеш Шоқақова