Билік

Облыс әкімі машинажасаушыларды кәсіби мерекемен құттықтады



 

Өңіріміздің өндіріс саласындағы ауыр машина жасау кәсіпорындарының үлесі 21 пайызды құрайды. Өткен жылы зауыттар 50 млрд. теңгенің тапсырысын орындаған. Биыл бұл межені еселеу көзделіп отыр. Бүгінде 100 млрд. теңгенің келіссөздері жасалып қойыпты. Ауыр өнеркәсіп еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам” атты мақаласында алдымызға үлкен міндеттер қойды. Президент еңбек 21 ғасырда басты ұлттық фактор ретінде алдыңғы кезекте болуы керектігін атап өтті. Осы міндетті орындауда облысымыздағы кәсіпорындардың орны ерекше.

Орынбай Мейрамов “Петропавл агрореммашзавод” ЖШС-де дәнекерлеуші болып қызмет етеді. Ауыр машина құрастыру саласында 30 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман атаулы күні салтанатты түрде өңір жетекшісінің қолынан құрмет грамотасын алды.

Орынбай Мейрамов, “Петропавл агрореммашзавод” ЖШС дәнекерлеушісі:
– Бүгін құрмет грамотасын беріп жатыр. Алғысым шексіз. Келешекте үмітті еңбекпен ақтайтын боламыз. Әріптестерімді мерекемен құттықтаймын.

Сондай-ақ табанды еңбектері еленгендері облыс әкімінің алғыс хатын алып ерекшеленді. Өндіріске жаңашылдықтарды сәтті ендіре білген 6 зауыт жұмысшысы “Құрметті машина жасаушы” кеуде белгісімен марапатталды. “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” демекші, атаулы күні кәсіпорында ұрым-бұтағымен ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келетін әулеттер де ерекше құрметке бөленді. Ондай жанұялар өңірімізде аз болмай шықты. Мереке иелерін “Қазақстан инжиниринг ҰК” АҚ аппарат жетекшісі Әділғазы Бергенов те құттықтады.

Әділғазы Бергенов, “Қазақстан инжиниринг ҰК” АҚ аппарат жетекшісі:
Өткен жылы Петропавл ауыр машина жасау зауытының мерейтойын атап өткен болатынбыз. Сол жиында зауыт қызметкерлері кәсіби мерекелерін заңдастыру жөнінде ұсыныс жасады. Сұраулары қолдау тауып кәсіби мерекелері күнтізбеде қыркүйектің соңғы жексенбісіне бекітілді. Енді жыл сайын ел көлемінде осы күнді ресми түрде атап өтеміз.

Жиын соңында Әділғазы Бергенов өңір жетекшісіне ҚР алтын картасын тарту етті.

Жеңіс Ермұқанов